Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Елордада Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 355 тонна өнім түрлерін 24 автокөлікпен жеткізген. Сыр өңірінің тауар өндірушілері 40-тан аса өнім түрін, оның ішінде 100 тонна күріш, 174 тонна қауын, қарбыз, асқабақ сынды бақша дақылдарын, 5 тонна сүт өнімдерін, 16 тонна балық, 45 тонна, картоп, басты пияз, қияр, қызанақ, 3,5 тонна жеміс, 10 тонна ас тұзын, 1,5 тонна Қызылорда конфеттерін саудалады.
"Облыстың ауыл шаруашылығы саласы соңғы 5 жылда жоғары көрсеткіштерді көрсетуде. Облыстың ішкі жалпы өнімінің құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 2,5 пайыздан 3,7 пайызға артты, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 45,9 есеге, ал тамақ өнімдерін өндіру 10,0 пайызға өсті. Шаруашылық субъектілерінде соңғы 5 жылда ет өндіру 73,9, сүт 31,6 пайызға артты", - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов.
Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 5,8 мың гектарға артық егілген. Егінге орақ салу жұмыстары 20 тамыздан басталды. Бүгінгі күні 87,9 мың гектар күріштің 37247 гектары орылды. Оның 29102 гектары бастырылып, 143,8 мың тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 49,4 центнерді құрайды. Күріш жинау жұмыстары жалғасуда.
"2019 жылы жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылуда. Үстіміздегі жылдың 1 тамызына ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 93,6 пайызды құрайды. Оның ішінде күріш экспорты 84,9 пайыз болса, бақша дақылдары 8 есеге, көкөністер 2,6 есеге артты. Ағымдағы жылы Иран Ислам Республикасына 789 бас қой және Өзбекстан мемлекетіне 59 бас түйе, 250 бас ірі қара, Біріккен Араб Әмірліктеріне 950 бас қой жөнелтілді. Жыл соңына дейін Иран мемлекетіне 150 бас ірі қара, БАӘ-ге 1000 бас ірі қара және 200 бас қой, сондай-ақ бақша дақылдарын экспорттау жоспарланып отыр", - деді ол.