Елордалық тұрғындар ауыз суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр болып отыр, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Елордалық тұрғындар ауыз суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр болып отыр, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Осыдан төрт жыл бұрын жүргізілген орталық су құбыры мен кәріз желісі "Достық" тұрғын алабына әлі күнге дейін қосылмаған екен.
Алматы ауданына қарасты "Достық" тұрғын алабында тұратын әрбір үйде қазылған құдық бар. Десе де су ішуге жарамсыз, тым ащы. Оны тек тұрмыс жағдайында ғана пайдаланып жүр. Ал ауыз суды көшенің бас жағындағы орталық құдықтан алады. Кейде дүкеннен сатып ішуге мәжбүр.
Тұрғындардың тағы бір мәселесі қалдық су. Көпқабатты тұрғын үй кешенінен шыққан лас су олардың мазасын қашырған. Кәріз суы жер бетіне кілкіп шыққан. Ал оның жағымсыз иісі қолқаны қабады. Тұрғын алабындағылардың басым бөлігі орталық кәріз желісіне қосылмапты. Оған рұқсат жоқ. Жергілікті ақтқамінерлердің айтуынша, көпқабатты үй тұрғындары болса оған заңсыз қосылған екен.
"Қазіргі уақытта бақыланып жатқан құбырлардың, құдықтардың су басу мәселесіне "Достық" тұрғын алабының тұрғындарының қазіргі уақытта жұмыс жасамайтын кәріз желілеріне өз еркімен қосылу себеп болып отыр. Кәріз жүйесі мен су құбырлар желілеріне қосылу үшін тұрғындарға "Астана су арнасынан" техникалық шарттарды алып, содан соң ғана қосылуға болады", - дейді қалалық көлік және жол-көлік инфроқұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Руслан Абдуалиев.
Әкімдік өкілдері "Достық" тұрғын алабына кәріз және су құбырлары әлдеқашан тартылып қойғанын жеткізді. Бірақ әлі іске қосылмаған. Оны қосу үшін көршілес жатқан елді мекендерге құбыр тарту жұмыстары аяқталуы тиіс екен.