ПОДЕЛИТЬСЯ
29 маусым 2022 | 15:05
"Эмоциямды ұстай алмадым". Әкімдерге қатысты келеңсіз оқиғалар
Шенеуніктерге қатысты оқиға қоғамда жиі талқыға түсетіні жасырын емес. Massaget.kz тілшісі әкімдерге қатысты келеңсіз оқиғаларға шолу жасап көрді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Шенеуніктерге қатысты оқиға қоғамда жиі талқыға түсетіні жасырын емес. Massaget.kz тілшісі әкімдерге қатысты келеңсіз оқиғаларға шолу жасап көрді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алаяқтардың құрығына түсе жаздаған кім?
"Наш Костанай" мәліметінше, Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевты телефон алаяқтар алдамақ болған.
Әкімдік аппаратының отырысында Марат Жүндібаев қала тұрғындары жиі алаяқтардың құрбаны болатынын атап өткен.
"Бұл мәселенің басы ғана. Шындығында, полицияға бәрі арызданбайды. Қарттар да, жастар да алданып жатады. Алаяқтыққа жеке өзім де тап болғанмын. Маған телефон шалып, картамның деректерін айтуды сұрады. Қазір телефон және интернет алаяқтары өте көп. Қылмыс трансұлттық сипатқа ие", - деді әкім.
Алматы әкіміне қатысты қандай жағдай болды?
Алматы әкімін самокатшылар қағып кете жаздаған. Қала басшысы бұл туралы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде айтқан еді. Ол қалада серуендеп жүргенде, самокатшылар ереже бұзған жайтқа қалай тап болғанын айтып берген.
"Мен жақында қалада жаяу жүрдім, сол кезде самокатшылар мені қағып кете жаздады. Әрине, мен өз орынбасарыма хабарласып, "олар әкімге де жетсе, қаланың қарапайым тұрғындарына туралы айтпай-ақ қояйын" дедім. Жеке актілерді қабылдау мүмкіндігі болса, онда өзіміз реттейміз, болмаса, онда ІІМ заңды әзірленіп жатқанын ресми түрде жариялады", - деп түйіндеді Досаев.
Қызылорда облысының әкімі журналистерден неге қашты?
Желіде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың видеосы тараған еді. Онда әкім сұрақ қоймақ болған журналистерден қашып бара жатқанын көруге болады. Шенеунік бұл жағдайға қатысты Facebook-парақшасында пікір білдірген болатын.
"Бүгін Парламент Мәжілісіндегі тыңдауға қатыстым. Жиын аяқталардан 15-20 минут бұрын сұранып, келесі іскерлік кездесуіме асығыс шығып кеттім. Маған бетпе-бет ешқандай журналист тікелей қаратып сұрақ қойған жоқ. Алайда баспалдақта менен өзге де адамдар болғандықтан, артымнан атымды немесе қызметімді атап қойылған сауалды естімегеннен кейін, кешігіп бара жатқан кездесуіме жылдам жүре бердім. Кейінгі уақытта бірқатар әлеуметтік желіде менің ескі 2016 жылғы суретімде көрсетілген сағатқа қатысты журналистер тарапынан қызығушылық туындаған секілді. Негізінен, бұл сағатты ертеректе алғанмын. Менің мемлекеттік қызметке дейін 10 жылға жуық бизнес саласында жүргенімді өмірбаянымнан көре аласыздар. Сондықтан бұл мәселеде жасырын ештеңе жоқ деп ойлаймын және әрдайым БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап беруге дайынмын", - деді облыс әкімі.
Талдықорған әкімі не үшін аспанға оқ атты?
Әлеуметтік желіде Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың аспанға мылтық атқан видеосы тараған еді. Осылайша, әкім БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтауды жөн көргені белгілі болды. Әкім журналистер мен блогерлерді демалуға шақырып, нысанға атудан жарыс ұйымдастырған.
Видео жергілікті Instagram-пабликтерде тарап, талқыға түсті. Кейбір қолданушылар Масабаевтың бастамасын қолдаса, енді бірі әкімге маңыздырақ мәселелермен айналысу керек екенін айтқан.
Талдықорған әкімінің баспасөз қызметі өкілі осы жағдайға қатысты пікір білдірген еді.
"Қала әкімі Әсет Масабаев БАҚ қызметкерлері арасында оқ атудан турнир өткізді. Бұл жерде сынайтындай ештеңе жоқ, БАҚ өкілдерінің демалысы. Әкім сонда барып, жергілікті журналистер мен блогерлерді құттықтады. Атыс арнайы аймақта өтті. Осындай іс-шаралар БАҚ-тың рухын, командалық рухын көтеру үшін қажет деп ойлаймын", - деді Талдықорған әкімінің баспасөз қызметі өкілі.
Кейінірек Талдықорған әкімінің өзі де Желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты пікір білдірген еді.
"Барлық қаражат жалақымның есебінен кетті. Жалақым оған жетеді. Бұл - өзінің қаруы бар ресми орын. Сол жерде кәуап, кола, нанмен шағын пикник ұйымдастырдық. Бәріне 385 мың кетті. 260 мыңы - қаруға оқ-дәріге, 52 мыңы - ыдысқа және 70 мыңы тамаққа", - деді қала әкімі.
Тұрғындармен дөрекі сөйлескен әкім жазалана ма?
Әдеп жөніндегі кеңес Павлодар облысы Ақсан ауылдық округінің әкіміне ауыл тұрғындарымен дөрекі сөйлескені үшін қатаң сөгіс жариялауды ұсынған еді. Шенеуніктің ауыл тұрғындарына дөрекі сөйлеген сәтін куәгерлер видеоға түсіріп, Instagram-да жариялады. Осы видеодан кейін әкімге қатысты тәртіптік іс қозғалған болатын.
"Ауыл тұрғындарымен өткен жиында Кенжебек Дүйсенбаев тұрғындармен дөрекі сөйлескен. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Баянауыл ауданының әкіміне, аудан әкіміне Кенжебек Дүйсенбаевқа қатаң сөгіс жариялау туралы хат жолданды", - деді Павлодар облысы Мемлекеттік қызмет істері департаменті өкілі.
Әдеп кеңесінің отырысында ауыл әкімі әдепсіз әрекетке барғанын мойындап, кешірім сұраған.
"Бұл менің қателігім, эмоциямды ұстай алмағанымды мойындаймын. Кешіріңіздер. Бұл әрекет енді қайталанбайды", - деді ол.
Мүгедекке шабуыл жасаған ауыл әкімі жазаланды ма?
Алматы облысында мүгедекке шабуыл жасаған ауыл әкімі жазаланған еді. Елді дүрліктірген оқиға Алматы облысы Панфилов ауылдық округі әкімінің есеп беру кездесуінде болған.
Полицияға ауыл белсендісі Болат Жәкішев жүгінген. 64 жастағы ер адамның айтуынша, әкім оны балағаттап, шабуылдаған. Бұл оқиға ауыл басшысының жергілікті халықпен жыл сайынғы есеп беру кездесуінде болған.
Кикілжің екі ер адамның төбелесіне ұласқан. Салдарынан екінші топтағы мүгедек, жергілікті белсенді зардап шегіп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Нәтижесінде, Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шаловқа "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 30 630 теңге айыппұл салынған. Ақпаратты Алматы облысының Полиция департаменті мен Талғар ауданының әкімдігі ресми түрде растаған.
"Айыппұл тек маған ғана емес, белсендіге де салынды. Мен қазір қандай да бір себептермен оқиғаның жай-жапсарын айта алмаймын", - деді Серік Шалов.
Ауыл әкімінің коттеджі Қазнетте қызу талқыға түсті
Қазнетте Жамбыл облысындағы бұрынғы ауыл әкімінің зәулім коттеджі түсірілген видео тараған болатын. Видео авторы ауыл көшелерінің бірі мен онда орналасқан үйлерді көрсетеді. Видеодағы зәулім сарай бірден көзге түседі. Видеодан үй сырты мен қоршауы қымбат материалмен қапталғанын, ал коттедждің өзі көрші үйлерге қарағанда екі-үш есе аумақты алып жатқанын байқауға болады.
Үй осы ауыл әкіміне тиесілі екені айтылған. Желі қолданушылары бұл дерекке қатысты түрлі пікір қалдырған.
"Жаңа мектептің орнына өзіне үй салып алған", "Қарапайым адам: көп ұзамай мемлекеттік қызметкерлердің жұрттан бұлай ерекшеленуі ерсі болады", "Бесжұлдызды Hilton сияқты", "Алматы облысы Алакөл ауданы әкімінің үйін көрмепсіз: салыстырсақ, бұл үй жазғы асхана сияқты болып қалады", - деп жазды Қазнет қолданушылары.
Зәулім үй, шынында да, әкімдікі болып шыққан, бірақ бұрынғы әкімнің үйі екен. Әңгіме осыған дейін Шу ауданындағы Ескішу және Жаңажол ауылдары әкімдіктерін басқарған Жапарқұл Тәжиев туралы болып отыр. Ол 2020 жылдың маусымынан бастап зейнеткерлікке шыққан. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі өкілі мәлімдеді.
Алайда коттеджді кім салды, экс-әкім оны қандай қаржыға сатып алды деген сұрақтарға облыс әкімдігінің баспасөз қызметі "ол - зейнеткер, оған мұндай сұрақты қалай қоюға болады?" деп, жауап беруден бас тартқан.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также