ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 07 шілде 2026 12:27
Энергетика министрлігі бензин туралы басты сұраққа жауап берді
Энергетика министрлігі Ресейдің жанарсай нарығындағы жағдайға байланысты Қазақстанда бензин тапшылығы болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жеткізілуі мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Ресей Федерациясынан қандай да бір гуманитарлық көмек көрсету бойынша ресми өтініш түскен жоқ. Менің түсінуімше, бұл ақпарат блогерлер ортасында пайда болған. Сондықтан мен оны растамаймын", - деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Сондай-ақ ол Қазақстан Ресейден бензин импорттайтыны туралы ақпаратты теріске шығарды.
"Қазақстан Ресей Федерациясынан бензин сатып алмайды. Иә, біз авиакеросин мен дизель отынын әкелеміз, бірақ бензин импорттамаймыз. Ішкі өндіріс ішкі тұтынуды толық өтейді. Бүгінде қажетті отын қоры қалыптасқан, сондықтан біз ешқандай тапшылық күтпейміз", - деп атап өтті вице-министр.
Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға әсер етуі мүмкін бе деген сұраққа жауап бере отырып, Тұтқышбаев министрлік мұндай тәуекелдерді көріп тұрмағанын айтты:
"Иә, бұл көршілес нарық, бірақ өзіміздің ішкі қуаттарымыз бен болжамдарымызды ескере отырып, бүгінде тапшылық болады деп ойламаймыз".
Бұл ретте вице-министр басты басымдық ішкі нарықты қамтамасыз ету екенін баса айтты:
"Біз үшін ең алдымен азаматтарымыз бен ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету басымдық. Егер табыс табуға болатын артық көлем болса, біз бұл мәселені пысықтаймыз".
Оның сөзінше, министрлік 2026 жылдың соңына дейін жанар-жағармай материалдары тапшылығын болжап отырған жоқ.
"Біз жыл сайын мұнай өңдеу зауыттарымыздағы өндіріс пен тұтыну жоспарын қарап отырамыз. Жыл соңына дейін ешқандай тапшылық көріп тұрған жоқпыз", - деп түйіндеді Тұтқышбаев.
Мән-жайы
Өткен аптада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те Қазақстан бензин жеткізу туралы Ресейден ресми өтініш түспегенін мәлімдеген болатын. Кейін Энергетика министрлігі коммерциялық жеткізілімдер тек ресми өтініш болған жағдайда, бос ресурс әлеуеті бар кезде және ішкі нарық үшін тәуекелдер болмағанда қарастырылуы мүмкін екенін нақтылады.
Бірқатар мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылынан кейін Ресейдегі жанармай тапшылығы туралы хабарламалар талқылауға себеп болды. Ресейдің бірқатар өңірінде бензин сатуға шектеу енгізіліп, кейбір жанармай бекеттерінде кезек пайда болды.
Кейін Қазақстан Энергетика министрлігі ішкі нарықты толық қамтамасыз ету басымдық болып қала беретінін мәлімдеді. Ведомство жанармайды экспортқа шығару тек азаматтардың қажеттіліктері мен ел экономикасы үшін тәуекелдер болмаған жағдайда мүмкін екенін атап өтті.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу