Ресей өз еліндегі тапшылыққа байланысты Қазақстаннан отын жеткізуді сұрады ма? Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке осындай сауал қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ресей өз еліндегі тапшылыққа байланысты Қазақстаннан отын жеткізуді сұрады ма? Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке осындай сауал қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан тарапына Ресейден бұл мәселеге қатысты ешқандай өтініш түспеген.
"Ресей Федерациясынан ресми сауал түскен жоқ", - деді Ақкенженов үкімет кулуарында.
Министр егер Ресей тарапынан ресми өтініш түссе, Қазақстан бұл сұранысты "қарастыратынын" атап өтті.
Кеше Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан жанар-жағармай материалдарын бажсыз әкелу шарттарын қарасытырып жатқанын хабарлаған болатын.
Жеңілдікті режим бензинге, дизельге және авиациялық отынға қолданылуы мүмкін. Бұл ретте импорт көлемі алдын ала белгіленбейді - ішкі нарыққа қанша отын қажет болса, сонша мөлшерде әкелу жоспарланған.
Ресейдегі нарықта не болып жатыр?
Отын сатып алудағы қиындықтар туралы алғашқы хабарлар бірнеше күн бұрын пайда болды. Автокөлік жүргізушілері проблемалар туралы айта бастады. Forbes мәліметінше, 23 маусымда Ресейдің 89 өңірінің 61-інде жанармай құю станцияларында бензин мен дизельді сатуға әртүрлі шектеулер енгізілген.
Шаралар өңірге және ЖҚС желісіне байланысты өзгереді: кей жерлерде бір адамға 20 литрден артық бензин берілмесе, басқаларында лимит 40 литр болады. Осындай жағдай дизель отынына қатысты да байқалады: жекелеген өңірлерде бір автокөлікке 80 литрге дейін, басқаларында 200 литрге дейін шектеу қойылған, бұл ретте канистрлерге құюға тыйым салынған. Кейбір ЖҚС желілерінде кезек пен талон жүйесі байқалады.
Облыстық билік мәліметінше, қабылданған барлық шара отын нарығындағы негізсіз дүрбелең мен ықтимал алыпсатарлықты азайтуға бағытталған.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов елде жанар-жағармай тапшылығы байқалмайтынын, ал мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, ішкі сұраныс штаттық режимде жұмыс істеп тұрған отандық мұнай өңдеу зауыттарының есебінен толық өтеліп отыр.
Отырыс барысында бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асатыны да атап өтілді. Бірінші кезекте жанармаймен жанармай құю станциялары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және отандық әуе тасымалдаушылар қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ Үкімет басшысы мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтуді және мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ ЖЖМ өндірісі, қоры мен тұтыну балансына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Ресей мен Беларусьтен жеткізілімдердің азаюына байланысты Қазақстанда авиакеросин тапшылығы болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Энергетика министрлігі бұл қауіпті теріске шығарды, отандық МӨЗ елдің авиаотынға деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отырғанын және тапшылық қаупі жоқтығын мәлімдеді.