Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі өтіп жатыр. Келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы шешім шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі өтіп жатыр. Келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы шешім шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі таңда талаққа (ажырасуға) қатысты кейбір мәселелер елімізде дауға айналып отыр. Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге берілген. Алайда белгілі бір себептер негізінде әйелдің қазиға шағымдануы арқылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен қандай жағдайларда ажырасуына құқығы бар екендігі айтылды. Олар:
- Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
- Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
- Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
- Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
- Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
- Ері әйелін "зина жасады" деп немесе "мынау менің балам емес" деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
- Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.
Мұнымен бірге, ҚМДБ өкілдері бұл мәселеде екі жақтың туыстары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінетінін әрі қазилың қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің атқаратынын ескертеді.
"ҚМДБ ғұламалар кеңесінің басты қызметі қазіргі таңда қоғамда туындап жатқан жаңа мәселелерге шешім, пәтуа шығарып, діни сауаттылықты арттыру", - делінген хабарда.