Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын сотта соңғы сөзін айтты және тараптарды қатар тыңдау кезінде өзінің кінәсіз емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын сотта соңғы сөзін айтты және тараптарды қатар тыңдау кезінде өзінің кінәсіз емес екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мен тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отырмын, бұл - түрме. Ешкімге мұнда бір күн де, бір сағат та отырмауды тілеймін. Әрине, күдік, айыптау бойынша және тергеуге байланысты отыру бұл екі сөзбен айтып жеткізу оңай болмайтын сынақ шығар. Өз басымда болып жатқан оқиғаларды тағы бір ой елегінен өткізуге, таразылауға уақыт болды. Мен ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі конституциялық құқығымды пайдалана отырып, тергеу барысында куәлік етпегенімді айтудан бастағым келеді. Тергеудің алғашқы күні-ақ жауапты сотта ғана беремін деп мәлімдедім. Өйткені маған қарсы қойылған эпизодтардың барлығы бойынша іс жүргізген тергеуге сенбедім және әлі күнге дейін сенбеймін. Тергеу үлкен заңбұзушылықтармен жүргізілгенін тағы да айтқым келеді. Алдын ала кесіп пішу, жала жабу, жалған сөз, бар кінәні маған артуға тырысу - бұл қылмыстық іске іргетас болған негізгі ұғымдар осылар", - деді Ерлан Арын.
Сотталушы өзінің бұрынғы көмекшісі Бағұстар Сапаровтың куәгерлік жауаптарын да жала жабу деп атады. "Маған бір адам жала жапты. Айыптау тарапынан жиырмаға жуық куәгер жауап бергеніне жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Сапаров пен Матиевтің өзі ("ГрадСтройКомпани" фирмасының директоры Умлат Матиев) менің түсінігімде айыптау тарапының емес, қорғау тарапының куәгерлері болды", - деді Ерлан Арын.
Оның айтуынша, аталған тұлғалар сотта өз жауаптарынан жаңылысып, бір-біріне қайшы келіп жатты. Ол қаржы жымқыру туралы іс бойынша айыпталып жатқан Сапаровтың сотта қалайша куәгер ретінде жауап бергенін түсіне алмағанын айтты. "Айыпталушы Әбдіқалықовтың (Арслан Әбдіқалықов - Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары) куәгер ретінде сөйлеуі де маған түсініксіз. Матиев - пара беруші, ол сотта оны мойындады, Сапаров Ақсудағы тендерде пара алғанын мойындады, оған менің қатысым жоқ. Бұл - куәгерлердің тікелей мәлімдемесі. Олардың неге қылмыстық жауапкершілікке тартылмай отырғаны да түсініксіз", - деді Арын.
Тараптарды қатар тыңдау кезінде ол бұрынғы қызметкерлері мен куәгерлерге қысым көрсетті деген айыпты кезекті рет жоққа шығарды. "Үнемі менен қорыққаны айтылды. Мен бір құдірет сияқтымын. Онда неге Матиев конкурстан жеңіп шықты? Сапаровтың арызы бойынша басқа біреу жеңіп шығуы керек болды. Электронды сауда кезінде бұл не қылған арыз, түсінбеймін? Үш томға жуық қылмыстық іс материалдарында айыптау тарапының барлық куәгерінің, конкурстық комиссия мүшелерінің, құрығанда бір адамы мені қысым көрсетті деп айыптады ма? Мен ешқашан олай істеген емеспін, оған қажеттілік те болмады. Оның бәрі ойдан шығарылған. Мұнда адамдар қылмыстық жауапкершілікті сезіне отырып куәлік етті, олар да өтірік айта ма? Оларды да мен қорқыттым ба? Қалайша? Түрмеде отырып па?" - деді Ерлан Арын.
Сотталушы облыс басшылығында болған кадрлық құрам туралы да айтты. "Мен тағайындаған кадрлар қазір де жұмыс істеп жатыр. Әбдіқалықовтан басқа, облыс әкімінің орынбасарлары "мұраға қалды", қалғандары өз жұмыс орындарында: қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылары - мемлекеттік қызметтің кадрлық қаңқасы осылар. Олардың ешқайсысына ешқандай күдік келген жоқ. Мен адам тани аламын. Адамның жанына үңіле алмайсың, оның үстіне, оны шел басса", - деді сотталушы.
Тергеу процесінде көп сәйкессіздік пен қарама-қайшылық болғанын айтқан Арын өзіне тағылған айыптардың бәрін сандырақ деп атады. "Ешқандай қылмыс жасамағанымды тағы бір айтқым келеді, кінәмнің барын мойындамаймын, мен қылмыскер емеспін", - деді ол.
Ерлан Арын сөз соңында айналасындағы бұрынғы адамдардың кесірінен сотталушы орнынан бір-ақ шығып, ел Президентін жерге қаратқаны үшін өкініш білдірді. "Мен мемлекеттік қызметкер абыройына күйе жақпадым, мен үшін ең ауыры - Қазақстанның ірі өңірлерінің бірі - Павлодар облысының бұрынғы әкімі ретінде айыпталғаным. Оның үстіне, әкімнің ел Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді өкілі екенін айтқым келеді. Айыпталып жатқан кезде Президентті жерге қаратқанымды айтқым келеді. Осы жағдайды пайдалана отырып, мен Мемлекет басшысы - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан бұл үшін кешірім сұрағым келеді. 1991 жылдың желтоқсан айынан бері мен Президенттің реформаларын жақтап, онымен бір командада болдым. Мемлекет басшысының командасында болудың лауазым емес, кәсіпқой, патриот болып, өз Отаныңды сүю екенін түсінемін. Мен бұл жағынан тағдырымның қалай шешілгеніне қарамастан, Мемлекет басшысының командасындамын, болдым және қашанда бола беремін деп есептеймін", - деді Павлодар облысының бұрынғы әкімі.
Еске сала кетейік, мұның алдында тараптарды қатар тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы Радимхан Дудаева Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынды мүлкін тәркілеумен бірге бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Жазасын жеңілдететін жағдайлар ретінде ол айыпталушының бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары мен мемлекетке сіңірген көп еңбегі барын атады. Прокурор жазаны қатайтатын жағдайларды таппады. Сотталушының адвокаттары болса, Ерлан Арынға тағылған айыптарды дәлелсіз, заңсыз деп тауып, қорғауындағы адамды ақтауды талап етті.
Ерлан Арын осы жылдың наурызында ұсталды. Павлодар облысының бұрынғы әкімі алаяқтық жасады, 1,6 миллион теңге көлемінде қаржы жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деп айыпталды. Ол 2013 жылдың 20 желтоқсанында қаржы полициясы оның кеңесшісі Төлеген Бастеновты пара алды деген күдікпен ұстағаннан кейін Павлодар облысы әкімі қызметінен кетті.