Талғат Ермегияев ісі бойынша сотта бұрынғы Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың жауабы тыңдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Талғат Ермегияев ісі бойынша сотта бұрынғы Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың жауабы тыңдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгінде Конституциялық кеңестің мүшесі, бұрынғы бас прокурор Асхат Дауылбаевтан ЕЦ - 166/10 бұрынғы басшысына қатысты іс бойынша куәгер ретінде жауап алынған еді. Колонияның бұрынғы басшысы мен оның орынбасарына Талғат Ермегияевқа қамқорлық көрсетті деген айып тағылған еді.
Асхат Дауылбаевтың жауабын сот отырысында прокурор Бақтияр Ерназаров оқыды.
Оның айтуынша, бұл жауап алу шарасы 2017 жылы 27 желтоқсанда болған. Мәлімет бойынша, бұрынғы Бас прокурор Дауылбаев пен "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Ермегияев 1999 жылдан бері достық қарым-қатынаста болғаны анықталған. Дауылбаев Астанада жазасын өтеп жатқан досына барған.
"2017 жылы желтоқсанның басында сағат 19:00-де автокөлікпен Нуритдин есімді танысыммен осы мекемеге сотталушы Ермегияевпен кездесуге келдім. Мекеменің қақпасының алдында мені және Нуритдинді әскери формадағы адам күтіп алды. Қызметкердің есімі есімде жоқ. Ол бізді әкімшілік ғимаратқа алып барды. Сол жерде мен Нуритдинмен бірге Ермегияевпен екі сағат шамасында әңгімелестік. Осыдан кейін біз сол мекемеден шығып, үйімізге қайттық. ЕЦ - 166/10 мекемесінде Ермегияевпен кездесу шарасын менің танысым Нуритдин ұйымдастырды. Оның қалай іске асырғанын мен білмеймін", - деп оқыды прокурор Бақтияр Ерназаров Асхат Дауылбаевтың сөздерін.
Сонымен қатар, куәгерлік жауапта Ермегияев пен Дауылбаевтың телефон арқылы сөйлескені туралы айтылады.
"Сұрақ: "Ермегияевпен жазасын өтеп жатқан уақытта телефон арқылы хабарластыңыздар ма?" Жауап: "Ол маған 2017 жылы 22 қарашада қоңырау шалып, туған күніммен құттықтады. Қандай нөмірден хабарласқаны есімде жоқ, менің ойымша, бұл таксофон болды". Сұрақ: "Жазасын өтеп жатқан Ермегияевпен қанша рет кездестіңіз?" Жауап: "Менің есімде қалғаны бір рет ғана", - делінген Асхат Дауылбаевтың жауабында.
Бұдан бөлек, Дауылбаевтың куәгерлік жауабында сотталушы Ермегияевпен кездесуді ұйымдастыру шарасымен кімнің айналысқаны айтылады.
"Жауап: "Мен ұйымдастыру шарасымен айналысқан емеспін. Кездесу шарасын ұйымдастырумен мекеменің әкімшілігі айналысады", - деді прокурор.
"Сұрақ: "Сіз колония басшылығын сыбайлас жемқорлыққа итермелеу мақсатында өзіңіздің жоғарғы лауазымды статусыңызды қолдандыңыз ба?" Жауап: "Мен еш уақытта Конституциялық кеңестің мүшесі екенімді айтқан емеспін. Сол себепті өз статусымды пайдаланған емеспін. Конституциялық кеңестің мүшесі ҚР барлық азаматы үшін қарапайым азамат болып саналады, оның еш құзіреті жоқ. Біреудің тағдырына әсер ететіндей емес. Бұл заңда көрсетілген", - деді Асхат Дауылбаев өз жауабында.
Сотталушы Талғат Ермегияевқа қамқорлық көрсетті деген сот процесі Астана қаласының Байқоңыр аудандық № 2 сотында өтіп жатыр. Айыпталушы - ЕЦ 166/10 мекемесінің басшысы және орынбасары. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") бойынша айып тағылған. Талғат Ермегияевтың өзі куәгер ретінде өтіп жатыр.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 2016 жылы маусымда 14 жылға сотталған еді. Сот Ермегияевті аса ірі көлемде пара алды деп тапты.