Бүгін Павлодар облысының Ертіс ауданы Бұланбай ауылында жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.
Еске сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында ауылдағы жалғыз мектеп қысқа тұйықталу салдарынан өртеніп, толық жарамсыз болып қалған еді. 2010 жылы салынған, ауданы 153 шаршы метр болатын бір қабатты ғимаратты қалпына келтіру мүмкін болмады. Бұл жағдай ауыл тұрғындары үшін ауыр соққы болғаны белгілі.
Салтанатты шараға қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, шыдамдылық танытқандары үшін алғыс айтты.

"Қыста ауылдағы жалғыз мектеп өртеніп кеткен еді. Біз жаңа мектеп салуға уәде бердік және бүгін сол уәдемізді орындап отырмыз. Мектеп бар жерде өмір бар. Жаңа білім ордасы ауылдың дамуына тың серпін береді", - деді өңір басшысы.
Жаңа мектептің жалпы ауданы – 241,1 шаршы метр. Онда 6 оқу кабинеті, мектепалды даярлық тобы, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залы, асхана қарастырылған.
Бүгінде мұнда 20 бала білім алуда: оның ішінде бастауыш сыныптарда – 5 оқушы, орта буында – 15 оқушы. Оқушыларға 11 педагог сабақ береді.

Құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым 2025 жылғы 1 шілдеде бастап, 26 тамызда толық аяқтады. Бар-жоғы екі айдың ішінде жаңа мектеп салынып, оқу жылының басталуына дайын болды.

Ауыл тұрғындары да қуаныштарын жасырмады.
"Мектеп өртенген кезде бәріміз алаңдадық. Өйткені ауылдың болашағы мектепке тікелей байланысты. Әкім жаңа мектеп салуға уәде беріп, сол уәдесін орындады. Бүгін балаларымыз жаңа сыныптарға кіріп, көңіліміз орнықты", - дейді ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Бекзат Қымбат.
"Бұрын тар сыныптарда оқитынбыз. Қазір бізде жарық та кең кабинеттер, спортзал және компьютерлер бар. Бұл бізді жақсы оқуға ынталандырады", - дейді 9-сынып оқушысы Кәусар Жұмабай.
Сурет: Валерий Бугаев