Ұлы Жеңістің 74-ші көктемі Өскеменде "Батырларға тағзым" атауымен айырықша аталып өтті. Мерекелік іс-шараларға жиырма бес мыңдай өскемендік қатысып, бейбіт күнді сыйлаған әкелері мен аталарының, аналары мен әжелерінің рухына тағзым етті, - деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ұлы Жеңістің 74-ші көктемі Өскеменде "Батырларға тағзым" атауымен айырықша аталып өтті. Мерекелік іс-шараларға жиырма бес мыңдай өскемендік қатысып, бейбіт күнді сыйлаған әкелері мен аталарының, аналары мен әжелерінің рухына тағзым етті, - деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мереке Өзен вокзалы жанында жалпыхалықтық шерумен басталып, қатысушыларға аспан түстес Жеңіс ленталары таратылды. Мыңдаған өскемендіктердің шеруі береке-бірліктің үздік үлгісін танытты. "Ұлы Жеңіс құтты болсын!", "Жеңіс күнімен!" деп ұрандатқан қалың жұртшылықтың біразы туысқан майдангерлерінің фотосуреттерін де алып жүрді. Бір жарым шақырымға шақталған шеру екі сағатқа жалғасты.
Облыс орталығының тұрғыны Думан Махамбетова бұл шараға екінші рет қатысып отыр екен. Оның әкесінің ағасы Орынхан Махамбетов 1942-44 жылдары Балтық майданында жаумен шайқасыпты. ауыр жараланған ол елге оралған соң жарақат азабын көп тартқан екен. Семей қаласындағы милицияда қызмет етіп, 70-шы жылдары өмірден озған ақсақалды ұрпағы ұмытқан емес. Ал нағашы атасы Қали Мүшелбаев соғыстан аман оралып, 1969 жылы дүние салған, ал оның ағасы Мұхамади Иманбаев Украинаның Ровно қаласчындағы бауырластар зиратында жатыр. Немерелері аталарының басына барып, құран оқытуды жоспарлап отыр.
Өскемен қаласының тұрғыны Нұрғали Ноғайбаев өзінің атасы Қабдуахит Ноғайбаевтың ерлігі туралы айтып берді. Атасы 1941-1943 жылдар аралығында атақты Курс шайқасына қатысыпты, қолынан ауыр жараланып үйіне оралған. Ол туған Ұлан ауданы Троиницкое ауылынан майданға 260 жігіт аттанған екен, соның жартысынан көбі оралмапты.
"Атамның майдангер екенін біз жанұямызбен мақтан тұтамыз. Жыл сайын атамыздың суретін көтеріп осы шеруге қатысатын болып жүрміз", - деген ол бұл жерге бүкіл отбасымен келгенін айтты.
Шеруге отбасымен бірге келген Анастасия Шевченко арғы аталарының суретін зор мақтанышпен алып өтті.
"Шеруге биыл екінші рет қатысып отырмыз. Өкінішке қарай, ата-бабаларымыз туралы қолымызда көп мағлұмат жоқ. Бар білетініміз, атамыз Михаил Михеев танкші болған. Ал арғы атамыз Петр Бекреев туралы мүлдем ештеңе білмейміз. Десе де, оларды еске алып, шараға қатысуды жөн санадық", - дейді Анастасия.
Бұл күні облыстық драма театрының актерлары тірі ескерткішке айналып, шерушілер мен қонақтар назарын өздеріне аударды.
Шеруге қатысушылар Стрелка ауданындағы Даңқ мемориалы орнатылған "Жеңіс" саябағына келіп жеткенде аспанға бейбітшілік шарлары ұшырылып, майдан тақырыбындағы театрландырылған көріністер басталып кетті.
Жиналғандарды Жеңіс күнімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтап, майданға 108 мың шығысқазақстандық шақырылғанын атап өтті. Олардың 109-ы Кеңес Одағының батыры, 24-і Даңқ орденінің толық кавалері атақтарын иеленді.
"Қымбатты ардагерлер! Құрметті жерлестер! Сіздерді, елдік пен ерліктің, мызғымас бірліктің мерекесі - Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Бұл күн - аға ұрпақтың, бейбіт өмір баянды болашақ жолындағы өшпес ерлігінің дәлелі!
Тылдағы әкелеріміз, аналарымыздың мен апалардың жанқиярлық еңбегінің жемісі!
Жүздеген ұлттың - Отан қорғаудағы айнымас достығының нәтижесі.
Біз, ұлы қуаныш мерекесінде, жеңімпаздар рухына тағзым етіп, ортамыздағы ардагерлер алдында бас иеміз" - деді ол.
Мұнан соң бір минут үнсіздік жарияланып, "Мәңгілік алауға" гүл шоғын қою рәсімі өткізілді. Дәстүрлі шараға облыс әкімдігі мен мәслихатының, құқық қорғау органдарының басшылары, әскерилер, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер, оқу орындарының жетекшілері қатысты.
Бұдан бөлек көпшілікке соғыс жылдарындағы әскери техникалардың көрмесі ұсынылды, қала тұрғындары солдат ботқасынан дәм татты. Тұрғындар Алғыс айту тақтасына өздерінің лебіз-тілектерін жазып қалдырды. Жеңіс саябағындағы мерекелік іс-шаралар, театрландырылған көріністер, түрлі спорттық сайыстар мен жастар акцияларымен жалғасуда.