“Ешкім сенбейді“ - Тоқаев БҰҰ-ны реформалау туралы

Нұрила Достарқызы
Нұрила Достарқызы Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Ешкім сенбейді“ - Тоқаев БҰҰ-ны реформалау туралы Фото: depositphotos.com/ thenews2.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті. Бұл туралы Президент Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті. Бұл туралы Президент Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.

"Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: "Біз әлі де жолайрықта тұрмыз" деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, "Ұйымға тез арада реформа жасалады" дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

"Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?" – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.

"Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, "БҰҰ-да бәрі істен шыққан!" деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланғанын атап өтті.

"Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі "жау елдер" Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру", – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

"Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек", – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, бүгін, 17 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының "Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties" панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.

Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы жаһандық қауымдастық алдында тұрған негізгі үрдістер және жақын болашаққа арналған халықаралық күн тәртібін қалыптастыру туралы өз көзқарасын бөлісті.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 469.35   553.13   6.15 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер