Елордада Есілдің үстінен көпір салып жатқан құрылысшылар тағы шу шығарды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Елордада Есілдің үстінен көпір салып жатқан құрылысшылар тағы шу шығарды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жиналған халықтың айтуларынша, бұған дейін наразылық білдіргенде жалақысын жырымдап алған олар содан бері бір тиын көрмеген. Вахталық әдіспен жұмыс істегендер Шымкент, Алматы, Қазалы, Қызылорда секілді еліміздің түкпір-түкпірінен ақшасын даулау үшін қайта жиналған. Өйткені, жүргізуші, дәнекерлеуші, слесарь секілді жұмысшылардың бірде-бірі қаңтардан бері жалақы алмапты.
"Жалақымды 78 ай алған жоқпын - 800 мың. Менің кемпірім мүгедек. Оған дәрі-дәрмекке ақша керек. Бала-шағам, немерем бар. Ауылда тұрамын", - дейді жұмысшы Бақберген Медетбеков.
"Ешқайда кетпейміз" деген жұмысшылар құрылыс басында уақытша салынған жатақанада кешеден бері жатыр. Мұндағы бөлмелерде өте суық. Төсектерден басқа ештеңе жоқ. Тіпті кейбірінде қарапайым төсеніш те жоқ екен.
"Мердігер Еңбек кодексін бұзып отыр. Тиісті тексерулер жүргізіліп, оларға қыркүйектің 20сына дейін жұмысшылар алдындағы қарызын төлеуге уақыт берілді. Айтуларынша, олардың барлық есеп-шоты бұғатталып тұр. Сондықтан құрылысшыларға ақша аудару уақытша мүмкін болмай тұр", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Смағұлов.
Айта кетерлігі, жұмысшыларын тақырға отырғызған компания Алматы облысында орналасқан. Сондықтан жергілікті Еңбек инспекциясы енді олардың шоттарын бұғаттан шешіп, жұмысшыларына ақша аударуын қадағалауы тиіс. Сондықтан жалақыны тағы біраз күтуге тура келетін сияқты.