Қазақстандық саясаткерлер Андрей Чеботарев пен Досым Сәтпаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбаттарында Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының басшысы болып тағайындалуының себептері жөнінде пікірлерін айтты. Олардың бірі Есімовтің жаңа қызметі - лауазымының төмендеуі десе, екіншісі ондай пікірмен келіспейді.
Қазақстандық саясаткерлер Андрей Чеботарев пен Досым Сәтпаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбаттарында Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының басшысы болып тағайындалуының себептері жөнінде пікірлерін айтты. Олардың бірі Есімовтің жаңа қызметі - лауазымының төмендеуі десе, екіншісі ондай пікірмен келіспейді.
"Әкімдердің ауысуы, әсіресе Алматы әкімінің деңгейінде, бұл қалыпты құбылыс. Есімов ұзақ уақыт бойы, 2008 жылдан бері бұл қызметті атқарды. Оның "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалуы - Мемлекет басшысының сенімін ақтады дегеннің көрсеткіші. Мұның қаншалықты маңызды шара екенін бәріміз түсінеміз, бір жағынан ол бұрынғы басшыға қатысты оқиғалар мен жағдайларға байланысты жанжалға таңылды. Сондықтан бұл жерде Президентке басқару кәсібилігі деңгейінің үйлесімдігі емес, бұдан былай сыбайлас жемқорлық мәніндегі жанжалды болдыртпайтын, 100 пайыз сене алатын адам керек болды", - дейді "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев.
"Есімов белгілі бір межеге жетті, ол мемлекеттік биліктің түрлі лауазымында қызмет етті. Бұл жерде ол белгілі бір мерзімге "өртсөндіруші" іспетті қажет болды. Элитаның көптеген өкілі әйтеуір бір кезде белгілі бір учаскеге тағайындалады, бірақ бұл лауазымы төмендеді дегенді білдірмейді. Бұл белгілі бір мәселелерді шешуге арналған уақытша тағайындау, ал кейін олар негізгі қызметтеріне оралады", - деп сөзін жалғады Чеботарев.
Бірақ "Тәуекелді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев мұны: "Ахметжан Есімов үшін бұл - қызметінің төмендеуі", - деп мәлімдеді.
"EXPO имиджді жоба болса да, ол жергілікті жоспардағы жоба, бұл жобаның белгілі бір уақытша шектеуі бар, ерте ме, кеш пе, ол аяқталады. Белгілі бір деңгейде алып қарайтын болсақ, оны тәртіп орнату үшін сол жаққа жіберді, әсіресе таяуда Президент жасаған аса қатал сыни мәлімдемеден кейін", - деді Сәтпаев және тағы бір мәселенің түпкіріне үңілуді ұсынды: Ахметжан Есімов пен ЕХРО жобасының бір басшысы, Астананың әкімі Әділбек Жақсыбековтің қарым-қатынасы қандай болар екен, ол да халықаралық көрменің өтуіне жауап береді?
"Қазір "ЭКСПО" деген бір қазанда екі бас қайнайды - Әділбек Жақсыбеков пен Ахметжан Есімов. Олардың қарым-қатынасы мен жұмыстың қалай жүретіні тығыз байланысты болады. Дегенмен, Алматы әкімі мен "ЭКСПО" басшысының лауазымын салыстыратын болсақ - әрине төмен, сондықтан бұл кадрлық ауыс-түйіс Есімов үшін қызметінің төмендеуіне жатады", - деді сарапшы.
Досым Сәтпаев тағы бір сұраққа назар аудартты: EXPO аяқталғаннан кейін Ахметжан Есімовтің жағдайы не болады?
"Номенклатуралық иерархия жағынан оның салмақ категориясына қарай делік, қандай қызмет табылуы мүмкін? Қалай десек те, мұндай қызмет көп емес. Немесе оны Үкіметке қайта әкелу керек болады, немесе Президент әкімшілігіне, немесе "Самұрық-Қазына" қорына, оның басшысы ауысуы мүмкін деген сөз біраздан бері айтылып жүр, немесе бір аймақтың әкімі болуға. Яғни, менің ойымша қазіргі басты мәселе - Есімов "ЭКСПО-ны" неге қазір басқарады емес, "ЭКСПО" біткеннен кейін оған не болады?", - деп есептейді Сәтпаев.
Еске сала кетейік, 9 тамызда Назарбаев Алматы активіне қаланың жаңа әкімі Бауыржан Байбекті таныстырды, ол - "Нұр Отан" партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
2008 жылдың сәуірінен бастап Алматының әкімі болған Ахметжан Есімов енді "Астана ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ-ты басқарады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Есімов тәжірибесінің қазіргі уақытта Астанада ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қажет екенін түсіндірді.
"ЭКСПО-2017 - біздің болашағымыз. Көрме нысандарының құрылысы - бұл міндеттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңызды қыры - мазмұндық толығуы. ЭКСПО-2017 Қазақстанның барлық салада балама энергетиканы дамыту арқылы жаңа технологиялық құрылысқа өтуі үшін серпін беруі тиіс. Ұлттық компанияның басшылығына үкіметпен, барлық өңірлердің әкімдіктерімен іс-қимыл жасайтын, инвестиция және технология тарту үшін әлемнің ондаған елдерімен жұмыс істейтін тәжірибелі адам керек", - деді Мемлекет басшысы.