Бүгін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық идеяның брендке айналғанын ерекше атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық идеяның брендке айналғанын ерекше атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өз сөзінде Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыған кезде, Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясын ұсынғанын еске салып: "Ол кезде оның негізі де бар еді. Халықтардың ортақ тарихы, экономикалық ұқсастық, мәдениеттердің араласуы, жалпы адамдардың жақындығы - бұның барлығы жаңа санаттағы мемлекетаралық байланыстарды орнатуға толық мүмкіндік берді. Ендеше, неге біз ол идеяны бірден қолға алып, іске асырмадық? Мен ол туралы айтпай-ақ қояйын. Бұл - бөлек тақырып. Ең бастысы, бүгінде біз Еуразиялық экономикалық одақты құруға келдік", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, кеңес одағы ыдырығанда, әрбір мемлекет өз жолын іздеуге кірісті. Содан барлығы жан-жаққа тарап, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы атты ұйымның нақты бағыт-бағдары болмады. "Қазір болса, еуразиялық интеграцияның сан алуан алаңдары жұмыс істеп жатыр. Олар - Еуразиялық даму банкі, Еуразиялық іскерлік кеңес, Ғалымдардың еуразиялық қауымдастығы, Еуразиялық медиафорум, Университеттердің еуразиялық қауымдастығы және тағы басқалар. Бұдан 18 жыл бұрын, яғни Астана елорда болып жарияланғанға дейін екі жыл бұрын мен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін алғашқы құрылыс нысандарының бірі ретінде бастадым. Бүгінде ол Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарына жатады. Жалпы, бүгінде еуразиялық интеграция деген түсінік кәдімгідей брендке айналды. Оны белгілі саясаткерлер, экономистер мен журналистер кеңінен қолданып жүр. Ал, ең бастысы, еуразиялық идея бүгінгі өмірден еш алшақтаған жоқ. Осыны ерекше атап өткім келеді", - деп атап көрсетті Назарбаев.