EXPO-2017 көрмесіне Леонардо Ди Каприоны және БҰҰ-ның климат мәселелері жөніндегі басқа да өкілдерін шақыру көзделіп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атыраудан "Астана EXPO-2017" ҰК басқарушы директоры Салтанат Рахымбековаға сілтеме жасап.
EXPO-2017 көрмесіне Леонардо Ди Каприоны және БҰҰ-ның климат мәселелері жөніндегі басқа да өкілдерін шақыру көзделіп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Атыраудан "Астана EXPO-2017" ҰК басқарушы директоры Салтанат Рахымбековаға сілтеме жасап.
"Біз көрме контентін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды бастадық. 23 қыркүйекте Нью-Йоркте тұңғыш климаттық саммит өтіп, онда климаттың өзгеруіне қарсы күреске жаңа көзқараспен қарау мәселесі талқыланды. Біздің тақырыбымыз БҰҰ алаңдарында дамытылып жатыр. Нью-Йоркте басталған тақырыпты біз 22-23 қазан күндері Астанада жалғастырамыз. БҰҰ-ның климат жөніндегі елшілері - Леонардо Ди Каприо, Нью-Йорк мэрі Майкл Блумберг сияқты аты аңызға айналған тұлғалар. Олар ғаламның экологиялық ортасын жақсарту бағытында қыруар жұмыс атқарып жатыр. Соны Астана алаңына сауатты түрде жеткізу керек", - деді Рахымбекова Атырауда өтіп жатқан Іскерлік кеңес отырысы сыртындағы әңгімеде.
"Әрине, біз Ди Каприоны шақырамыз, климат мәселелері жөніндегі елші ретінде оның біздің алаңда болуы міндетті. 2014 жылы бізде ауаға таралатын қалдықтар жөнінде форум болса, 2015 жылы энергетикалық тиімділік туралы, ал 2016 жылы қуат көзінің жалпы жұртқа қолжетімділігі бойынша өтеді және 2017 жылы осы тақырыптарға 90 күн бойы конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтуі тиіс. Біз атақты өкілдерді шақырамыз, олар біздің алаңға өз үлесін қосуы керек. Джоли, Шварцнеггер сияқты жұлдыздар да климаттың өзгеруіне қарсы күреске айтарлықтай үлес қосып жүр. Біз сондай "жасыл" жұлдыздарды шақыратын боламыз", - деді ол.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні Атырауда Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен аймақаралық ынтымақтастық форумы өткен болатын.