EXPO-2017 нысандарының құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Астана ЭКСПО -2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Қанағат Тілемісов мәлім етті.
EXPO-2017 нысандарының құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Астана ЭКСПО -2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Қанағат Тілемісов мәлім етті.
"Бізде белгіленген меже - біреу. 2016 жылдың 31 желтоқсанында барлық нысандардың құрылысын аяқтауға тиіспіз. 2017 жылдың бірінші қаңтарында халықаралық көрмеге қатысушылар келіп, өздерінің дайындықтарын бастайды" - деді Қанағат Тілемісов.
Басқарма төрағасының кеңесшісі айтып отырғандай, қазір Астанада халықаралық көрме нысандарының құрылысын салуға дайындық басталды. Бұл ретте нысандар салынатын аумақтарды қалпына келтіру, құрылыс алаңының инженерлік ісін талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы жылдың шілде айынан бастап құрылыс монтаждау жұмыстары басталмақ.
Бұған қоса Қанағат Тілемісов "Бұл өте сирек кездесетін нысандар болады. Біз халықаралық көрмеге салынатын нысандардың көрмеден кейін де қажетке жарауын барынша қарастырамыз" деді.
Еске салайық, бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрменің ең үздік жобасы ретінде "Adrian Smith+Gordon Gill Architecture LLP" нұсқасын таңдаған болатын. Бұл көрме алаңының жалпы аумағы 174 гектар. Көрменің бұл аймағында ұлттық павильон, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильон, сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары салынады. Сондай-ақ көрме аймағында баспасөз орталығы, конференция өткізілетін зал, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер салыну да жоспарлануда.
Бұдан бұрын белгілі болғандай көрме аумағында салынатын үйлер "жасыл" технология бағытымен бой көтеріп, халықаралық стандарттарды қамтиды. Сондай-ақ Астанада қосымша теміржол вокзалы да салынбақ.
Жалпы, "EXPO-2017" көрмесі аясында 20 мың жұмыс орнын қалыптастыру жоспарлануда.