Франция президенті Франсуа Олланд желтоқсан айында Астанаға келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Франция президенті Франсуа Олланд желтоқсан айында Астанаға келеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Этьенмен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Франция мемлекеттері басшыларының деңгейінде конструктивтік саяси диалогқа негізделген қазақ-француз ынтымақтастығының қарқынды дамуын атап өтті.
"Франция Президенті Франсуа Олландтың үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өтетін Қазақстанға сапары екі елдің қарым-қатынасының тарихындағы атаулы оқиға болады. Екі мемлекеттің басшыларының, ресми және іскерлік орталардың кездесулері біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге серпін беретініне сенімдімін", - деді Ә.Жақсыбеков.
Елорда әкімдігінің мәлімдеуінше, Олландтың ресми сапар аясында Бесінші Республиканың тұңғыш президенті және негізін қалаушысы генерал Шарль де Голльға ескерткіш ашу жоспарланған. Монумент "Ақбұлақ-3" шағын ауданында Шарль де Голль атындағы көшеде орналасады. Сонымен қатар, осы көшеде классикалық француз стилінде орындалған "Париж орамы", "Француз орамы" тұрғын үй кешендері тұрғызылған.
Франция елшісі қазақ халқына және Елбасы Н.Назарбаевқа Франция Республикасының тұңғыш президентіне құрмет көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Сайтта жазылғандай, Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 100-ден астам компания тіркелген. "Астана жаңа қала" еркін экономикалық аймақта қызмет ететін ірі және табысты кәсіпорындардың бірі тікұшақ құрастыратын Еврокоптер бірлескен кәсіпорны (Қазақстан/Франция/Германия). Астана қаласының маңызды іскерлік әріптесі Iveco компаниясы. Осы компания шығаратын автобустар елордада қоғамдық көлікті модернизациялауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі BRT" және "CITY BUS" жобалары бойынша келісімдер жасалды.
Денсаулық сақтау саласында Астана қаласының онкологиялық диспансері мен Гюстава Русси атындағы Онкология институтының арасындағы стратегиялық әріптестіктің 2014-2016 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, іске асырылып келеді. Аталған келісімдер аясында қазақстандық және француз мамандарының арасында тәжірибе алмасулар өткізіледі, озық француз стандарттарын енгізу және онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеу жөніндегі жұмыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ, биыл қараша айында Парижде тоғысқан жылдар аясында Астана күндері ұйымдастырылды.