20 ақпан 2021 | 09:42

"Галлюцинация деп ойлады". Далада жоғалып кеткен жасөспірім табылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© polisia.kz © polisia.kz

Polisia.kz сайтының тілшісі екі күн бұрын түзде жоғалып кеткен жасөспірімді тапқан учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбековпен әңгімелесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Polisia.kz сайтының тілшісі екі күн бұрын түзде жоғалып кеткен жасөспірімді тапқан учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбековпен әңгімелесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда 16 жастағы жасөспірімнің қыстақтардың бірінен шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен.

Баланың ата-анасымен сөйлескен полицейлер олардың баланы екі күн бойы өздері іздегенін, алайда нәтиже болмағанын анықтады. Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен.

Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков те жұмылды. Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау аулынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.

Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөліктермен аттанғанын, ал ол өзінің серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Ускенбаев екеуінің атпен шыққандарын жеткізді.

"Ол жерлер тау-тасты болғандықтан аттармен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олардың қаншалықты үміттерін үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далалықта қасқырлар бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірілей табу ғажайыпқа тең еді. Іздеу жұмыстары таңда басталды. Кей жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, бұл ауыл тұрғындарының іздері болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляж киім кигендіктен, бұл іздеу жұмыстарын одан әрі күрделендірді", - дейді Жүнісбеков.

Ауа райы да баланы табу жұмысын қиындатты, күн аязды әрі желді болғанын айта кету керек. Түнде ауа температурасы өте төмен болды, сондықтан уақыт тығыз еді.

"Атпен жүріп, оны атымен айғайлап шақырдық. Біз өз жаңғырығымызды естіп жүргендіктен, қиын болды. Серігіміз екеуміз әрбір тасты, шөмелені зерттедік, баланы байқамай қалмайтынымызға сенімді болуымыз керек еді. Кеш батып келе жатты, күн батқаннан кейін мұнда іздеу мүмкін емес болатын. Байланыс болған жоқ, бағдарымыздан жаңылдық, алайда біз қараңғы батқанша іздеуді жалғастыра бердік. Тастармен жүру аттарға қиын болды, біз аттан түсіп, кездескен шөмелені тексеруге бардық. Сол жерде біз оның күртешесін көрдік", - деді учаскелік полицей.

Жұбаныш Жүнісбеков сол сәтте өз жүрегінің дүрсілін естімей қалғанын есіне алады. Жақындап келіп, ол баланың тірі екенін байқаған. Жасөспірім ызғарлы желден ықтасын іздеп, жерде тастардың арасында жатқан.

"Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Біз оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, атын атап жаттық. Бала үнсіз тұрды. Ол шок жағдайында болды, себебі ол біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбей тұрды. Алғашқы жарты сағатта біз оған бір ауыз сөз де айтқыза алмадық. Ол тіпті қорқыңқырап тұрды. Артынан ол бізді галлюцинация екен деп ойлағанын айтты", - деді Жұбаныш.

Жасөспірім өзінің далалықта адасып қалғанын және айналшықтап ұзақ жүргенін айтты. Ол тек түнде ғана шаршағандықтан, әрі тоңғандықтан шөмелеге кіріп жылынбақ болған, алайда оған жан-жақтың бәрінен қасқырдың ұлығаны естіліп тұрған. Ол жабайы аңдардан қорқып жүре берген және жақын арада өз бетімен үйіне жете алмайтынын тез түсінген.

"Ол есін жиған кезде жылап, погондарымды сипалап, рақмет айта бастады. Мен нысанды киім-кешекпен жүрген болатынмын және оны тапқан кезде оған погоным мен арқамдағы "Полиция" деген жазбаны көрсетіп, өзін іздеп жүргенімізді түсіндірдім", - дейді учаскелік полиция инспекторы.

Табылған баланы атқа мінгізіп, олар тездетіп ауылға бет алған. Сол кезде жоғалған жасөспірімді тапқан полиция қызметкерлерінің барлық сезімін көрсететін бейнежазба түсірілген.

"Біз ауылға келе жатқанда оны күлдіруге тырыстық, әзілдер мен өмірде болған күлкілі жайттарды айттық. Біз оны тезірек қалпына келтірейік дедік. Қорқынышты жайттың аяқталғанын және оның қауіпсіздікте екенін сезінгенін қаладық. Ал бейнежазбаны өзіміздің бақытты сәтімізден естелік үшін түсірдік. Видеоны әріптестеріме көрсеттім, олар басшылыққа берген. Мен бейнежазба бұлай тез тарайды деп ойлағам жоқ", - дейді ол.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімді үйіне жеткізген кезде анасы оны құшағынан көпке дейін шығармаған.

Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылының учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков полицияда 2009 жылдан бері қызмет атқарады. Келіншегімен бірге үш қыз тәрбиелеп отыр, олардың ең кішісі екі жаста. Оның сөзінше, әріптестері оны "жолы болғыш жігіт" деп те атайды екен, себебі ол жүргізген іздеу жұмыстарының басым бөлігі нәтижелі болған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети