Пара алды деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторына қамалған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановты оның қарамағындағы қызметкер - 2458 әскери бөлімінің бұрынғы командирі, подполковник Қайрат Балмағамбетов ұстап берген, - деп жазады "Мегаполис". Генералдың зайыбы оның бұлтартпау шарасын үй қамауына алумен ауыстыруды сұрайды.
Пара алды деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторына қамалған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановты оның қарамағындағы қызметкер - 2458 әскери бөлімінің бұрынғы командирі, подполковник Қайрат Балмағамбетов ұстап берген, - деп жазады "Мегаполис". Генералдың зайыбы оның бұлтартпау шарасын үй қамауына алумен ауыстыруды сұрайды.
Басылымның мәліметінше, Балмағамбетов тамыз айында Алматыда парамен ұсталған кезде генералды "өзімен бірге кетіруге тырысқан". Күш ведомствосындағы мәліметке қанық ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, газет подполковник жауап беру кезінде және бетпе-бет кездесуде "генерал Жоламановқа ақша беріп жіберген сәттерін" еске алады.
"Эпизодтардың бірінде ақшаның қандай купюралармен берілгені және оны генералдың қандай сөмкеге салғаны айтылады. Содан кейін оның Алматыда "жемқорлық іздерін" жасырып, әуежайға қарай кеткені де сөз болады", - деп жазады "Мегаполис".
Басылым Жоламановтың әйелінен де сұхбат алған. Ол генералдың Астана түбінде зәулім үйі бар деген ақпаратты және күйеуі өзінің туған күніне қымбат джип сыйлағанын жоққа шығарды.
Оның айтуынша, генералдың Интернациональный елді мекенінде бірқабатты шағын ғана үйі бар. "Оны күйеуім емес, біздің күйеу баламыз Қуаныш Омарбеков сатып алды", - дейді әйелі. Мына фотосуреттегі үй сол:
Ал жол талғамайтын қымбат көлік туралы Гүлнәр Жоламанова былай дейді: "Ішкі істер департаментінен алынған анықтаманы да көрсете аламын. Land Cruiser 200 маркалы автокөлікті қызым мен күйеу балам менің туған күнімнен жарты жыл бұрын сатып алды. Сол үшін олар бұрынғы екі көлігін сатты".
Генералдың әйелі қызының Астана мен Алматы қалаларында пәтерлері бар екенін мойындады. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік күйеуі Шекара қызметі директоры болмай тұрғанда сатып алынған.
Сонымен бірге, Гүлнәр Жоламанова күйеуі тұтқындалғалы бері генералдың отбасы қысым көре бастағанын айтты: "Пәтер күні-түні бойы бақыланады, телефондар тыңдалады. Тінту кезінде менің зейнетақы карточкам тәркіленді. Мен өмір сүру қаражатынан айырылдым. Үлкен қызымның да карточкасы тәркіленді".
"Күйеуім адам өлтірген жоқ, террорист емес. Ол қоғамқа қауіп төндірмейді. Ол ауырады, шұғыл емдеуге мұқтаж. Біз оның бұлтартпау шарасын Серік Ахметовтікі сияқты "үй қамауына алумен" ауыстыруды жалынып сұраймыз. Әлде оның қабырғасын қайыстырып, сотта ашық сөйлеуге мұрша бермеу үшін әдейі оқшаулап отыр ма екен? Ол сеніммен, әділдікпен 40 жыл қызмет етті, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетіне айтарлықтай үлес қосты", - деді генералдың зайыбы.
Еске сала кетейік, ҚР Шекара қызметі Нұрлан Жоламанов 2014 жылдың 27 қазанында қызмет бабын теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін сот оны 27 желтоқсанға дейін тұтқындауға санкция берді. Жоламановқа "Пара алу" және "Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатымен ұйымдасқан қылмыстық топ құру немесе оны басқару" баптары бойынша айып тағылды. Тергеудің мәліметінше, Нұрлан Жоламанов 300 мың доллардан артық сомада пара алған. Айта кетейік, жуырда "КТК" телеарнасына берген сұхбатында Гүлнәр Жоламанова күйеуін әлдекімдердің аяқтан шалғанын айтқан еді. Ол генералға кейбір қызметкерлері ор қазды деп мәлімдеді.