Генерал-майор, Ұлттық ұланның бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов әскери қызметшілердің Ақтөбедегі әскери бөлімде лаңкестерге қалай тойтарыс бергенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, бүгін әскери бөлімде қазалы митинг өтті.
Генерал-майор, Ұлттық ұланның бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов әскери қызметшілердің Ақтөбедегі әскери бөлімде лаңкестерге қалай тойтарыс бергенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, бүгін әскери бөлімде қазалы митинг өтті.
"Біздің әскери бөлім күшейтілген. Оған Ақтөбеде болған терактіні мысалға алуға болады. Лаңкестер территорияға кенеттен кірді. Қарауылдың жеке құрамы нұсқамаға сәйкес жұмыс істеді. Ойлап көріңіздер, қосымша топ, яғни үш адам шайқасқа қатысты. Олар 17 адам болды. Осы уақытта біз оларға тойтарыс бердік. Олар әскери бөлімнің территориясында қашып жүрді. Лаңкестердің біреуі өлтіріліп, екіншісі ауыр жарақат алды", - деді Сатов.
Оның айтуынша, әскери бөлім территориясындағы атыс 12-15 минутқа созылған. "Бақылау-өткізу пунктінен кіргеннен бастап шамамен 15 минуттай болды. Олар қарсы тойтарысқа тап болған кезде әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын біліп, әскери бөлімнің территориясынан кетіп қалды. Шабуыл жасағандардың барлығында қару болды", - деп қосты ол.
Сатов шабуылға қарауыл құрамының қарсылық көрсеткенін де айта кетті.
"(...) Бірінші болып майор Майлыбаев қаза тапты. Ол қақпаның құлаған даусын естіген кезде шыққан. Қолында қаруы болмаған. (...) Екінші әскери - Сапар Досбол патрульде болған, онда да қару болмады. Оны әуелі аяғынан, кейін бетінен атыпты. Ал сержант Қалиев қарауылда болды, ол соңына дейін атысып, сол кезде қаза тапты", - деді Сатов.
"Майор Майлыбаевтың артында төрт баласы қалды. Сержант Калиевтің де төрт баласы бар. Біз олардың отбасына әрдайым көмектесіп тұрамыз", - деді Сатов көзіндегі жасты сүртіп.
"Осы атысқа қатысқан сарбаздармен сөйлестім. Бұл нағыз шайқас болды, сарбаздар қорыққан жоқ. Олар өздерінің орнында кез келген адам солай ететінін айтып отыр. Кейбірі Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери институтына түсіп, офицер болуды армандайтынын жеткізді. Біз олардың армандары орындалып, офицер атанулары үшін қолдан келгенді жасаймыз", - деді Сатов.
Айта кетейік, 9 маусым Қазақстанда ұлттық аза тұту күні.
Еске салайық, биыл 5 маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, оның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді. Шабуыл жасаған 13 адам өлтірілді, тағы төртеуі жараланды, енді алты адам іздеуде жүр.