Holanews.kz редакциясы басылымның бұғатталғаны туралы хабарлады. Сайттың бас редакторы Зарина Ахматова Tengrinews.kz тілшісіне ресурсқа кіруде туындаған мәселелер туралы айтты.
Holanews.kz редакциясы басылымның бұғатталғаны туралы хабарлады. Сайттың бас редакторы Зарина Ахматова Tengrinews.kz тілшісіне ресурсқа кіруде туындаған мәселелер туралы айтты.
Оның айтуынша, оқырмандар сайтқа үш күннен бері кіре алмай отыр.
"Осыған дейін де сайтқа жасалған шабуылдардың әсерінен проблемалар болып тұратын. Сілтемелерді бөлісе алмай, репост жасай алмай қалған кездер болған. Бірақ біздің техникалық мамандар бұл мәселені уақытымен шешіп, сайттың жұмысын ары қарай жалғастыратынбыз. Соңғы негізгі ақау 26-27 тамызда басталды, кішігірім шабуылдармен күресіп жұмысымызды жалғастырып жүрдік. Дүйсенбі күні түстен кейін біз де, оқырмандар да сайтқа кіре алмай қалдық ",-деді Holanews.kz бас редакторы.
Оның айтуынша, редакцияға мемлекеттік органдардан ешқандай ресми хабарламалар түскен жоқ.
"Ресми түрде бізге ешкім хабарласпады. Біз жан-жағымызбен кеңесіп, хостинг компаниясына байланысқа шықтық. Хосттар өз тарапынан ешқандай проблемалар мен шектеулер жоқ деп жауап берді және провайдерлерге хабарласуға кеңес берді, себебі бұғаттауды немесе шектеуді провайдер жүргізеді. Біз провайдерлерге хабарластық, олар бізге әлі ресми түрде жауап берген жоқ", - дейді Ахматова.
Holanews.kz сайтының редакторлары ресми түсініктеме алу үшін Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне хабарласпақ.
"Біз техникалық бөлім бойынша басқа кеңесшілерді шақырдық. Олардың мәліметтері бойынша, біздің сайт DPI-бұғаттауға түскен. Бірнеше жыл бұрын Ресейде Telegram арнамыз бұғатталған болатын. Біздің тараптан ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ. Біз сайтқа кіру мәселесі әлі де шешіледі деп үміттенеміз, өйткені біз заң бұзбадық, ҚР Қылмыстық кодексінде тыйым салынған ештеңе жарияламадық", - деп деді Зарина Ахматова.
Қазіргі уақытта Holanews.kz редакция өз материалдарын әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!