Президент инфляцияны тұрақтандыруды және төмендетуді, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасауды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді", - деді Президент.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады.
"Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән", - деді Мемлекет басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!