Қазақстан Ұлттық банкі телефон-алаяқтарының белсене бастағанын ескертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкі телефон-алаяқтарының белсене бастағанын ескертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық әрекетке тән жаңа схемалар пайда болғанын ескертеді.
"Қаскөйлер өзін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Азаматтарға қоңырау шалып, мобильді телефондағы SIM-картаның қолдану мерзімі немесе коммуналдық есептеуіш құралдың пайдалану мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Телефонмен әңгіме кезінде азаматтарға олардың қызметін ұзартуға немесе электрондық кезекке тұруға болатынын айтады.
Әрі қарай алаяқтар ұялы телефонға келген хабарламаны өзіне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтіп қосымшаны жүктеуді немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды, я болмаса дербес деректерін хабарлауды сұрайды. Кейін телефонға қосылып алған соң қаскөйлер азаматтың қаражатын ұрлап, SIM-картаның виртуалды көшірмесін қосып алады", - делінген хабарламада.
Шоттағы ақшаларды қолды қылғаннан кейін алаяқтар алданған азаматтармен қайта байланысып, өздерін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырады. Сөйтіп екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын орнатып, ақшалай немесе тауарлай кредиттер ресімдейді. Қаскөйлер өз ісінің заңдылығын растау үшін Ұлттық банк қызметкерінің қолдан жасалған қызметтік куәлігін, Ұлттық банктің жалған құжаттарын, ақша құралдарын сақтандыру немесе банктік аударымдар жасау үшін хаттар мен реквизиттер ұсынады.
"Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды қырағы болуға және күдік туғызған қоңырауларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқаратын басқа да қосымшаларды орнатпауға шақырады.
Үшінші тұлғалар тарапынан орындалатын алаяқтық әрекеттерге ұрынып қалмас үшін Ұлттық Банк мемлекеттік органдар мен Ұлттық Банктің қызметкері болып қоңырау шалған адамдармен арадағы байланысты үзуге кеңес береді.
Ұлттық Банктің қызметкерлері аудио және бейнеқоңырау жасамайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын қосымша хабарлаймыз".
Ұлттық банк алаяқтық іс-әрекетке тап болған жағдайда, тиісті арызбен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!