Қазіргі таңда Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй құрылысы, ТКШ желілерін жаңарту, республиканың көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлерді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл тұрғын үй құрылысы, ТКШ желілерін жаңарту, республиканың көлік-логистикалық әлеуетін нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындарды іске қосуға қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл бағыттардың барлығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасында белгіленген.
"Мемлекет жаңа тұрғын үйлер салады, барлық өңірдегі жергілікті инфрақұрылым мен инженерлік коммуникацияларды жаңартады. Біз сапалы жұмыс орнын қамтамасыз етеміз, әр азаматтың өзін дамытуына тең мүмкіндік жасаймыз. Мұның бәрі өңірлерді тұрғындар мен инвестициялар үшін тартымды етеді", - делінген бағдарламада.
Сонымен қатар бұл құжатта Қазақстан экономикасы көлік дәліздерін кеңейтуді қажет ететіні туралы жазылған.
"Бұрыннан бар жаһандық тауар жеткізу жүйесінің бұзылуы біздің болашақ транзиттік мүмкіндігімізді күшейтті. Біз жаңа сапалы жолдар, қоймалар салып, айлақтардың әлеуетін арттыруымыз керек, саланы локомотивтермен, жүк көлігімен, контейнерлермен қамтамасыз етуіміз қажет. Мемлекет транзиттік дәліздердің жүк айналымы мен өткізу қабілетін арттырады. Сол арқылы ел экономикасына мол инвестиция тартуға тың серпін береміз", - деп атап көрсетілген құжатта.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы бойынша бір жылда қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы редакциясының материалынан оқыңыз.
2029 жылға қарай 1 миллионнан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Мәселен, 2023 жылғы 10 айда 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары.
Несиелік және жалға берілетін тұрғын үй құрылысы, "Отбасы банктің" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" тарапынан коммерциялық банктердің ипотекаларын субсидиялау және т.б. сияқты мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктері есебінен жыл сайын тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 200 мың шаршы метрге ұлғаяды деп күтілуде.
2023 жылы өңірлерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салуға 5,4 миллиард теңге бөлінді.
"Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы бекітілді. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын кең жолақты дүниежүзілік желіге қосу.
Жоба аясында көлемді қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады. Ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған желісін салуға басты назар аударылады. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.
Жалпы республика бойынша шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет жүргізілетін болады.
Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгекті құрылысты орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда республиканың 8 мың шақырым күре жолы (30 пайыз) мобильді интернет қызметтерімен қамтылған.
ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Оның аясында Еуропадан Орталық Азияға, Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға негізгі трансконтиненталдық дәліздер мен бағыттарды жаңғырту және кеңейту жөніндегі шаралар көзделген.
Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын бірқатар ірі теміржол жобасын іске асыру басталды. Олардың ішінде Қытаймен үшінші халықаралық торапқа шығатын Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз желілері, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы айналма жол желісі бар. Барлығы үш жыл ішінде 1,3 шақырымнан астам теміржол салынады. Салыстыратын болсақ, соңғы 30 жылда 2,5 шақырым теміржол салынды.
Оған қоса 2030 жылға дейін 11 мың шақырым т/ж жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр, өз кезегінде бұл өткізу қабілетін арттыруға және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Соңғы кездері жүк тасымалының көлемі 2 есе артқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға бірқатар еуропалық көлік-логистикалық компанияны тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Германия, Австрия, Мажарстан және Балтық елдерінің жүк операторларының тиісті қауымдастығына кіру жоспарланып отыр.
Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы ТХКБ бойынша қызмет көрсету сапасын арттыру үшін тең негізде бірлескен кәсіпорын құру туралы шартқа қол қойылды.
Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау үшін ҚР Үкіметі ҚХР Үкіметімен келісімдерге қол қойды, бұл ТХКБ дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, қосымша транзит және сыртқы сауда жүктерін тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар Қазақстан аумағында, оның ішінде Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысына инвестиция тарту арқылы кешенді логистикалық желі құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстандық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту бойынша жұмыс жүріп жатыр, ол бүгінде жылына шамамен 21,2 миллион тонна жүкті құрайды. Оған қоса "Саржа" көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы қолға алынды. 2030 жылға қарай Қазақстан порттарының қуатын 30 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қорларды ұлғайту және өңірлерді газдандыру жұмысын одан әрі жалғастыру үшін жаңа газ өңдеу қуаттарының құрылысы жалғасуда.
"QazaqGaz" ҰК" АҚ Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 миллиард м3 болатын ГӨЗ құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Қашаған мен Қарашығанақта жылына 6,5 миллиард м3 газ өңдейтін жаңа ГӨЗ құрылысы жобалануда. Бұл ауқымды жобалар ел экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді.
Биылғы 23 қазанда "Бейнеу-Жаңаөзен" құбырының екінші желісі бойынша газ жіберілді, бұл Маңғыстау облысын тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған дейін, 3 тамызда, Атырау облысының қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік беретін "Мақат – Солтүстік Кавказ" газ құбырына қосымша құбыр жүргізілді. Газдандыру жұмыстары жалғасуда.
Мұнай тасымалдау дәліздерін әртараптандыру жөніндегі жол картасын іске асыру аясында осы жылдан бастап Баку – Тбилиси – Джейхан бағытында жаңа бағдар іске қосылды. "Қазақстан – Қытай" мұнай құбырын кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!