Кеше Әбілқайыр Тамабек ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. Жаңа тағайындалған вице-министр туралы не белгілі? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасап көрді.
Кеше Әбілқайыр Тамабек ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалды. Жаңа тағайындалған вице-министр туралы не белгілі? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасап көрді.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабек ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.
Әбілхайыр Тамабек 1994 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Халықаралық бизнес университетін, 2015 жылы Польшадағы Луис ұлттық университетін, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Ол Желіде 2019 жылы 3 шілдеде "Мемлекеттік саясат" магистрі атанғаны туралы жазған болатын.
"Мемлекеттік саясат" магистрі. Адамның табиғаты жалпы қызық қой. Оқуға түскенше жанымыз қалмай асықтық, кейін жалыққандай болып қайта жұмысқа оралғымыз келді, ал қазір қимастық... Міне, осылай жүріп 1 жылға жуық уақытта Academy of Public Administration under the President of Kazakhstan аяқтап, "Мемлекеттік саясат" магистрі дәрежесін алдым. Академия білімімізді толықтыруға, кәсіби дамуға көп үлесін тигізді. Мемлекеттік қызметке сырт көзбен қаратып, еркіндікті үйретті. Кәсіби, білімді, білікті мемлекеттік қызметші боламыз, деп оқыдық. "Боламыз" бен "болудың" екі арасы - жер мен көктей. Сондықтан "боламыз" деген соң, болуға аянбай қам қылу керек" деп М.Дулатұлы айтқандай, енді "болудың" қамына аянбай кірісу қажет", - деді ол.
Әбілхайыр Тамабектің Facebook-парақшасынан
Ол - Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Әбілхайыр Тамабектің Facebook-парақшасынан
Вице-министр еңбек жолын 2011 жылы жеке компанияда инспектор болып бастаған. 2015-2020 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2020-2022 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы - бас мемлекеттік инспекторы болған. Осылайша, ол 26 жасында Қазақстандағы ең жас басқарма басшысы атанған. 2022 жылғы ақпаннан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы - жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.
Әбілхайыр Тамабектің Facebook-парақшасынан
Жас шенеунік Желіде жазба жариялап, үнемі өз позициясын білдіріп отырады.
"Мойындау керек, бізде әділдіктен бұрын бірлік жоқ. Әділетті қоғамды қалыптастыратын кім? Тағы да өзіміз. Биліктегі адамдар аспаннан салбырап түскен жоқ, өзіміздің арамыздан шықты. Әрине, бір-біріміздің етімізді тірідей жеп, талап жатқан қоғамда қайдан әділдік болсын. Керек десеңіз біз бір-бірімізге әділдік таныта алмай жатырмыз. Супермен жоқ, анау жоқ, мына кандидаттың мұрны пұшық, ананың аузы қисық деген әңгімелер болмайды. Өздеріңізге ұнайтын кандидатты ұсынуға кім кедергі болды? Сонда сіздің түсінігіңіздегі әділдік деген, кандидат ретінде сізді ұсыну ма? "Сынайсың ба ұсыныс бер, ұсыныс бердің ба, жаса!" деген екен баяғыда біреу. Не ұсыныс жоқ, не жасалынып жатқан іс жоқ, жатып алып ақыл айтқанға керімбіз әйтеуір...", - деп жазған ол.
Сондай-ақ, мемлекеттік жер "жеті шелпек" емесін айтқан болатын.
"Облыста жер саласындағы қалыптасқан заңсыздықтардың көбісі қалыпты жағдай сияқты болып кеткеніне көзім жетіп жатыр. Көке, мынауыңыз заңсыз, мына бұзушылықты жою керек десең болғаны, өзіңе бас салып қоқан-лоқы көрсетеді немесе араға адам салып көз жұма салуыңды сұранады (мемлекеттік орган болсын, жеке тұлға болсын). Осы 9 ай ішінде талайдың қорқыту-үркітуін естіп, талай туған-туыс, ағайындармен ренжістік. Оның негізгі себептері игерусіз жатқан немесе заңсыз алған жерлерін мемлекетке қайтаруға байланысты сотқа беру, жер заңнамасын бұзуына байланысты әкімшілік жазаға тарту, конкурс немесе аукцион арқылы алған жерлерінің заңсыз болуына байланысты қабылданған қаулылардың күшін жойғызып, жерлерді қайта мемлекетке қайтару т.б. Мен жұмыс атқарып отырған басқарманың басты міндеті де сол - жер саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Мемлекеттің жері - жұма сайын оңды-солды тарататын "жеті шелпек" емес. Ол дегеніміз – мемлекеттің баға жетпес байлығы, егемендігіміздің қайнар көзі", - деді вице -министр.
28 жастағы шенеунік 2019 жылы шаңырақ көтерген.
Әбілхайыр Тамабектің Facebook-парақшасынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!