Жаңаөзенде ереуілге шыққандардың жалақысы бір миллионға дейін барған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңаөзенде ереуілге шыққандардың жалақысы бір миллионға дейін барған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңаөзенде бұрғылау компаниясының жұмысшылары осымен бесінші күн ереуілге шығып жатыр. Ереуіл 30 қыркүйекте басталған. Қазіргі уақтта оған "Бұрғылау" ЖШС-ның 2000-ға таяу жұмысшысы қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл кәсіпорын "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ның мердігер ұйымы. Ереуілге шыққандардың айтуынша, жұмысқа шықпай қоюларының себебі - төмен жалақы және кәсіподақ ұйымының төрағасын қудалау. Қазіргі уақытта ереуілшілердің алып отырған жалақысының көлемі 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін екен.
"Бізде бірыңғай еңбекақы жүйесі енгізді, одан біздің тариф мөлшерлемелеріміз түсіп кетті. Қазір біз оны көтеруді сұрап отырмыз. Сонымен қатар, екі ай бұрын біз кәсіподақ ұйымымыздың төрағасы етіп Сәкен Бегалиевті сайлаған едік. Ереже бойынша жиналып, дауыс беру арқылы оның үміткерлігін қолдадық. Сол жиналыста "Бұрғылау" ЖШС басшылығы да, заңгер де болды. Ал енді төрағамызға қатысты қудалау басталып отыр. Оған қатысты екі қылмыстық іс және төрт әкімшілік іс қозғалды, қазір ол үй қамауында. Оған қатысты барлық істі жауып, босатуын талап етеміз", - дейді "Бұрғылау" ЖШС кәсіподақ ұйымының мүшесі Ықылас Исатаев.
Кеше "Бұрғылау" ЖШС өкілдері кәсіпорындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Дүйсенбай Таушанов "Бұрғылау" ЖШС-ның директоры болып бір ай бұрын ғана тағайындалыпты. Кәсіподақ төрағасы Бегалиев пен 1344 жұмысшының қолы жиналған талап-арыз оған 23 қыркүйекте түсіпті.
Жұмысшылар қарауға бес пунктті алға тартып отыр. Біріншіден, еңбекақы төлемінің бірыңғай жүйесіне (ЕТБЖ) өту және қазіргі ЕТБЖ мен 2014 және 2015 жылдардағы жүйемен есептегендегі айырма қаражатын төлеу. Екіншіден, 2014, 2015 және 2016 жылдардағы бонустарды төлеу. Үшіншіден, олар жалақыны сегіз сағаттық жұмыс күні ретінде жалақы төлеуді талап етіп отыр, ал ЖШС екі айға төрт сағаттық жұмыс уақытына өткен. Талаптың төртінші пунктінде 2015 жыл бойынша еңбек демалысы бойынша түсіндірме айтылған. Ал бесінші пункті - көлік жүргізушілеріне жалақыны қайта есептеп беру, оның ішінде арнайы техникамен жұмыс істейтіндер де бар.
"Бұрғылау" ЖШС директоры Дүйсенбай Таушанов ЕТБЖ-ға өту бойынша талаптың орындалуы мүмкін емес екенін айтты. "Бұл жүйе бойынша тек ірі компаниялар жұмыс істейді, біз олардың еншілес компаниясымыз. Біз қарапайым ЖШС-мыз, мердігерлік жұмыстарды істейміз. ЕТБЖ мен біздің жалақымыздың айырмасы бар болғаны 7-9 пайыз. Оның үстіне, компания қазір шығындалып жатыр. Осы жылы біз 1 миллиард теңгеге қарызданып қалдық. Қараша айының жалақысын төлеу үшін кредит алдық", - дейді Таушанов.
"Mhindustry" ЖШС бас директоры Төлеген Әжібаев болса мердігер компанияның жұмыс көлемін уақтылы орындамай жатқанын айтып отыр. Осыған дейін компания жылдам жұмыс істеп, осы үшін бонус алып отырса, қазір мұндай молшылық жоқ. Жыл басынан бері 151 ұңғыма қазылыпты. Бүгінде тағы 15-і қалып отыр екен. Осыдан кейін тағы 34 ұңғыма бергелі жатыр.
"Бізде әлі аяқталмаған ұңғымалар бар, жұмыс тоқтап қалды. Бұл төтенше жағдайға әкеп соғуы мүмкін", - деп мәлімдеді ол.
Басшылары жұмысшыларының талаптарына таңғалып отырғанын да жасырмады. Айтуларынша, 2014 жылы жұмысшылардың жалақысы бір миллион теңгеге дейін барыпты. Қазір орташа жалақы 350-400 мың теңге екен. "Өзенмұнайгаз" ұңғымалардың санын азайтып, жалақыны төмендетуді сұрапты. Біз осының өзінде-ақ 25 пайыз сыйақы беріп отырмыз", - деп атап өтті Әжібаев.
Қазіргі уақытта ереуілшілер мен компания басшылығы әлі келіссөздер жүргізіп жатыр.
Фото: tumba.kz