Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі премьер-министр ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі премьер-министр ресми сайтына сілтеме жасап.
"Елдегі экологиялық жағдайды жақсарту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған басым міндеттерінің бірі. Экология мен қоршаған ортаны жақсарту құралдарының бірі жаңартылатын энергия көздері. Осы саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет",-деді премьер-министр Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне Экология министрлігі және KEGOC-пен бірлесіп, электр энергиясының маневрлік генерациясын дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) жинақтаушыны енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтауды тапсырды. Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп ЖЭК өңірлік аймақтарын құру мәселесін қарауды тапсырды.
"Газ электр станцияларын іске қосу, ЖЭК-тің қосымша көлемін интеграциялау бойынша энергия жүйесінің мүмкіндіктерін ұлғайтады. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне KEGOC АҚ-пен бірлесіп, 2022 жылдан бастап теңгерімдеуші нарықты нақты уақыт режимінде іске асыру жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырамын", - деді Мамин.
2020 жылы Қазақстанда қуаттылығы 583 мегаватт болатын 25 ЖЭК объектісі: 10 жел, 1 гидро және 12 күн электр станциялары пайдалануға берілді. Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндіруі 2019 жылмен салыстырғанда 74 пайызға, 3,24 миллиард киловатт-сағатқа дейін өсті (бұл елде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің 3 пайызы).
2021 жылы 381 мегаватт - 13 ЖЭС, 5 ГЭС және 5 КЭС, барлығы 23 жоба іске асырылады. Жасыл экономикаға көшу бойынша іске асырылып жатқан тұжырымдамаға сәйкес 2050 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының жартысы баламалы энергетика болады. Бұл төмен көміртекті және климаттың орнықты дамуы жөніндегі Париж келісімі шеңберінде Қазақстанның міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ жаһандық трендтерге сәйкес жасыл энергетиканы дамытуға мүмкіндік береді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!