Атырауда Жангелдин ауылында жоғалған отбасы мүшелерін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. ТЖД егжей-тегжейін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК сюжетіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жұмыс тоқтаған жоқ. Тек тиісті органдар белгілеген аумақтарда ғана іздеу аяқталған.
"Іздестіру тоқтатылған жоқ. Қазір департаменттің жеке құрамы күту режиміндеміз. Осыған дейін Полиция департаменті тиісті ақпарат түскен кезде іздестіруді белгілі аумақта жүргіздік. Ол аумақтар қаралды. Қосымша ақпарат келіп түссе, соған сәйкес іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Іздестіру тоқтатылды деген ақпаратқа келіспейміз", - дейді Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеуберген.
ТЖД мәліметінше, 3-6 қаңтар арасында Жангелдин ауылында жоғалғандардың үй-жайы, елді мекен айналасы, су көздері толық қаралған. Сонымен қатар құзырлы органдар да қызмет көрсеуші иттермен тексерген.
Мән-жайы
Сұмдық қылмыс Жангелдин ауылында болған. Онда өткен күзде бүтін бір отбасы түгелдей жоғалып кеткен. Қаңтардың басында олардың үйіндегі қорадан зейнеткер ерлі-зайыпты өлі табылды. Ал олардың 33 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Марқұмдардың туыстары 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы қаза тапқаннан кейін де олардан аудиохабарламалар алып отырғандарын айтты. Сондықтан ешқандай күдік те туындамаған көрінеді.
Марқұмның інісі Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыпты өмірден өткен болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарға хабарламалар келіп тұрған. Осындай аудиохабарламалардың бірі 7 қарашада келген. Бірақ жақындары бұл уақытта ерлі-зайыпты қайтыс болғанына сенімді.
Тек 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Кейін Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
qamqor.gov.kz
Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.
Атырау облыстық Полиция департаменті күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеді. Күдіктінің әйелі, яғни жоғалған Мұқанғалиевтер әулетінің кенже қызы Ақбаянды да халықаралық деңгейде іздеу басталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!