Парламент Мәжілісінің депутаты, бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұржан Әлтаев бір баланы бағуға айына 20 мың теңге жеткілікті деген сөзін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаты, бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұржан Әлтаев бір баланы бағуға айына 20 мың теңге жеткілікті деген сөзін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"20 мың теңге сомасы айтылғанда, Астанада аналардың әлеуметтік жәрдемақыны әр балаға 20 мың теңгеге көтеру талабы еске түсті. Қаржы министрінің пікірін білесіздер, бұл мәселені комиссия қарап жатыр. Сондықтан осы жәрдемақы бірден есіме түсті. Үнемдеп жаратса бұл қаражат жеткілікті бола ма деген ой келді. Бес баланың әкесі ретінде 100 мың теңге қосылып отырса, бұл отбасылық бюджетке жақсы көмек болар еді. Осындай ой болған", - деді Әлтаев.
Жанұясы жайлы сөз қозғаған ол әйелінің декрет демалысында екенін айтты.
"Кенже баламыз әлі емшекте. Мен табыс жағын ойлаймын. Ақша жетпей жататын да кездер болады, барлық отбасында болатын жағдай. Өз бюджетіңді есептеуің керек. Бұл жағдайда көбіне отбасыларда әйелдер пысық келеді, бізде де солай. Ал менің міндетім ақша табу. Әйелім бұл мәселеге мұқият қарайды, қайда әрі қалай жарату керек екенін біледі", - деді Әлтаев.
"Әйелім сіздерге сұхбат берсе, нақтырақ түсіндірер еді. Менің міндетім - табу. Бес баланың ата-анасы атансақ, біз оларға жауаптымыз. Мен ер адам ретінде бұған көбірек жауапкершілік арқалаймын", - деді депутат.
Ол жұмысының көптігіне байланысты қонаққа сирек баратынын айтты.
"Бәрін есептейміз, коммуналдық қызмет ақысы отбасы бюджетінің біршама бөлігін жұмсауға мәжбүрлейді. Әр бөлмеде жарықты өшіріп жүруге тырысамыз, суды босқа ағызбаймыз, азық-түлікті базардан арзанырағын аламыз", - деп бөлісті отбасы бюджетін үнемдеу жолын депутат.
Еске салайық, бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұржан Әлтаев таяуда ғана Парламент Мәжілісінің депутаты болған еді. Ол Ауыл шаруашылығы мәселелелері бойынша комитет құрамына енді.