Атырау облысында Жайық өзені тереңдетілетін болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін, 29 шілде күні Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергпен кездесуінде айтты.
Атырау облысында Жайық өзені тереңдетілетін болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін, 29 шілде күні Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергпен кездесуінде айтты.
Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бүгін Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевпен кездесуге қатысты. Шарадан соң журналистерге сұхбат берген облыс әкімі жоспарланып отырған жұмыстар туралы айтып берді.
"Қазіргі таңда Жайық өзенін тереңдету жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып болды. Жұмыстың қашан басталатыны әлі нақтыланған жоқ. Себебі, бұл - маусымдық жұмыс. Балықтың уылдырық шашуына, көшуіне кедергі жасамайтындай уақытты дәл таңдауымыз керек. Республикалық бюджеттен қаржы алуға ниеттеніп отырмыз, жергілікті бюджеттен де ақша бөлуді қарастырамыз. Жайық өзенін тереңдету - біз үшін өте маңызды жұмыс. Балықтың көбеюін ойлайтын болсақ, керекті жұмыстарды уақытында жасап отыруымыз керек", - деді Нұрлан Ноғаев.
Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. © Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Орынбор облысының губернаторы Нұрлан Ноғаевтың сөзімен келісіп, бұл тұрғыда атыраулық мамандармен бірігіп жұмыс істейтіндерін айтты. Оның айтуынша, жұмысты Жайық өзенінің бойында тұрған барлық аймақтар бірігіп жасауы керек.
Айта кетейік, кездесуге Батыс Қазақстан облысынан келген делегация да қатысты. Нақтырақ айтсақ, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, "Нұр Отан" партиясының БҚО-дағы филиалы басшысының орынбасары Серік Сүлеймен болды.