Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
"Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – делінген жеделхатта.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Қазақтың біртуар дарынды жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы. 1957 жылы осы ауданның Баршатас селосындағы қазақ орта мектебін бітіріп, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Университеттің филология факультетін 1962 жылы, ал қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын 1965 жылы бітірген.
М.Мағауиннің еңбек жолы 1965 жылдан басталады. Әуелде "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары болып істеген. Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдар ішінде негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды ("Қобыз сарыны" монографиясы). Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды.
Мұхтар Мағауин көптеген әңгімелердің, "Тазының өлімі" (1969), "Бір атаның балалары" (1973), "Көкбалақ" (1978), "Жүйріктің тағдыры" (1979), "Шақан-Шері" (1984) т.б повестерінің, "Көк мұнар" романы (1971) мен "Аласапыран" роман-диологиясының (1980-1982) авторы. Жазушының негізгі шығармалары орыс тіліне аударылған; СССР халықтары мен шет ел тілдерінде басылған. 1984 жылы М.Мағауинге "Аласапыран" тарихи роман-диологиясы үшін Қазақ ССР-ының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!