Қазақстандықтар Желіде қазақ тіліндегі "наградталды" сөзінің дұрыс-бұрыстығын талқылап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандықтар Желіде қазақ тіліндегі "наградталды" сөзінің дұрыс-бұрыстығын талқылап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Таяуда Facebook желісінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне берілген мерейтойлық медальға қоса берілетін құжат жарияланды. Кейбір желі қолданушылары Мемлекет басшысының қолы қойылған ресми құжат дұрыс аударылмады дейді. Алайда оның бұл сөздеріне қатысты қазақ тілінің филологтары пікір білдірді.
"Награда" сөзі Совет дәуірінде сол қалпында алынып келді де, Тәуелсіздік орнаған күннен бастап әуелі бейресми түрде "марапат", сонан соң ресми түрде "марапат" деп аталып, онан туындаған етістік "марапаттау"("мараптталу") пішінінде қолданылып келеді. 2002 жылғы үлкен "Русско-казахский словарь" сөздігінде "награда - марапат", "наградить - марапаттау" болып берілген. 2014 жылы шыққан Терминдердің 30 томдық сөздігінде де "марапат" - "награданың" баламасы ретінде берілген ("Тарихқа" арналған томды қараңыз). Жалпы "награданы" - "марапат", "наградтауды - "марапаттау" деп айту қазіргі қазақ тілдік санада орныққан әрекет. Қазақ әдеби тілінің сөздігінің 11-томында "Марапат", "Марапатта" деген сөздер берілген. "Марапаттал-" етістігіне "дәріптелу, мадақталу" деген түсіндірмелер беріліп, мынадай мысалмен дәлелденген: "ҰБТ қорытындысы бойынша "Алтын белгі" белгісімен марапатталғандардың 51,9 пайызы - қазақ тілінде, 45,3 пайызы - орыс тілінде оқытатын мектептің оқушылары" (ҚТӘС, 11, 73-бет, 2011 ж). Демек, Совет кезеңіндегі "наградталу" сөзі қазіргі уақытта қазақ әдеби тілінің нормасына "марапатталу" деп қазақшаланып енгенін анық байқауға болады", - дейді Филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Жақыпов.
Оның бұл сөзін филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ оқытушысы Серік Негимов та қолдап отыр. Оның айтуынша, "наградталды" деген сөзде қате жоқ. "Грамматикалық қате жоқ, себебі бұл сөз қазақ тілінде бұрыннан қолданып келеді. "Наградталды" "марапатталды" деген сөздің синонимі. Құжатта "наградталды" және марапатталды" сөздерін қолдануға болады. Екеуінің мағынасы бір", - деп мәлімдеді Негимов.