Қазақстанда 260 кәсіпкерлік субъектісі 43 миллиард теңгеге "айналым схемасы" бойынша келісім жасасты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанда 260 кәсіпкерлік субъектісі 43 миллиард теңгеге "айналым схемасы" бойынша келісім жасасты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, "айналым схемасы" аясында кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен қаржыландыру - бағаны ұстап тұру бойынша нарықтағы нәтижелі шаралардың бірі.
"Маусымаралық кезеңде "айналым схемасы" шеңберінде міндеттемелер алған сауда объектілеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы "үй жанындағы" дүкендерге және базардағы бағаларға қарағанда төмен екенін көрсетті", - делінген хабарламада.
Айналым схемасы - өндірушілерге жеңілдетілген несие беру арқылы тауарларды белгіленген бағамен сату міндеттемелерін енгізу.
"Кредиттік ақша сауда желілеріне төмен бағалар кезеңінде өнімді алдын ала сатып алуға және өндірушілермен форвард шарттар жасасуға көмектеседі. Қаражат жергілікті атқарушы органдар бюджетінен бөлініп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне несие түрінде беріледі. Сонымен қатар, сауда субъектілеріне де, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілерге де бөлінеді", - деді ведомство өкілі.
Жеңілдікті несиені алу үшін кәсіпкерлік субъектілері заңнамада белгіленген критерийлерге сәйкес келуі шарт. Бағаны тұрақтандыруға және "айналым схемасы" құралы бойынша жеңілдікпен кредит алуға мүдделі сауда субъектісі аймақтық әкімдікке және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға жүгіне алады, делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта айналым схемасы шеңберінде Қазақстан Республикасында 260 сауда субъектілерімен (сауда желілері, дүкендер) және тауар өндірушілермен (шаруа қожалықтары, наубайханалар және т.б.) шарттар жасалған. Жалпы сомасы - 43 миллиард теңге.
"Айналым схемасы" шеңберінде шарт жасасқан сауда субъектілері тізбесін мына сілтемеден көре аласыз.
Жеңілдетілген несие 2019 жылдың ортасынан бастап енгізілген. Бастапқы пилоттық кезеңде 2019 жылы 2,3 миллиард теңге, 2020 жылы - 11,8 миллиад теңге бөлінген. Бұл тетік тиімділігін көрсетті және 2021 жылғы желтоқсанға қарай "айналым схемасын" қаржыландыру 50,5 миллиард теңгеге дейін жеткізілді, делінген хабарламада.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!