Қоғам белсендісі әрі жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан Жер кодексінде Қазақстанда шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесінде шалалықтың бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ол Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында айтып берді.
Қоғам белсендісі әрі жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан Жер кодексінде Қазақстанда шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесінде шалалықтың бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ол Астанада Жер реформасы жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында айтып берді.
Астанадағы төртінші, ал жалпы алтыншы отырысты бастай отырып, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов комиссия мүшелерін нақты ұсыныстар айтуға шақырды. Вице-премьер - ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бұл отырыста ел өңірлеріндегі жиындардың қорытындысы бойынша шешім шығарылады. Нақтырақ айтқанда, Ақмола және Қызылорда облыстарында жұмыс топтары бірқатар нақты ұсыныс дайындаған болатын.
"Біз бүгін бақылау талаптарын күшейту үшін қандай қосымша шараларды қарастыру керек екенін шешу үшін жиналдық. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заңнамада жерді жалға беруде ешқандай шектеу жоқ. Осыған байланысты бізде ірі жер пайдаланушылар пайда болды. Бүгін жұмыс комиссиясы мен штаб бірқатар ұсыныс дайындады", - деп мәлімдеді Мырзахметов.
Алайда Мұхтар Тайжанның айтуынша, бүгінде комиссия мүшелерінің біржақты пікірі жоқ мәселелер де бар. "Біз осыған дейін шетелдіктерге жерді сатпаймыз деп айтқан едік. Бұл туралы Президент те айтты. Алайда бір шалалық бар. Мәселен, өзге елдің азаматы Қазақстанға келіп, фирма аша алады. Кейін 49 пайызын ол өзіне қалдырады, ал 51 пайызын Қазақстан азаматына береді. Қорытындысында бұл фирма жерді заң бойынша қолданып, пайдалана алатын болады. Меніңше, біз осындай бір жағдайларға жол бермеуіміз керек. Жерді шетелдіктерге сатпаймыз десек, заңды түбегейлі ауыстыру керек. Алайда осы мәселенің біржақты шешімі әлі жоқ", - деді Тайжан.
Еске салайық, осыған дейін Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жеке нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" заңға қол қойған еді. Қабылданған заң "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 жарлықты іске асыруға бағытталған.
Заңмен "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңының қолданысы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылады.