Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов халыққа кезекті есеп беру жиынында тұрғындардың біршама сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды "Ақтөбе" газеті. Жиын Қурайлы ауылдық округінде өтті.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов халыққа кезекті есеп беру жиынында тұрғындардың біршама сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды "Ақтөбе" газеті. Жиын Қурайлы ауылдық округінде өтті.
Жерлеу орны үшін қызмет көрсетуге неліктен ақша төленеді деген сұраққа, қала әкімі былай деп жауап берді: "Халық қате түсініп қалмағаны дұрыс. Жер сатылмайды. Заң бойынша жерлеу үшін 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Бізде бір адам қайтыс болса, оны жерлеген жерге он шақты туысы "бронь" жасап қояды. Тірі адам үшін жерленетін жер берілмейді".
Ақтөбе қаласы мен облыс орталығындағы 5 ауылдық округтің аумағында 53 зират бар. Бақылау болмағандықтан, кейбір бейіттер көшеге шығып кеткен. Кейбір зираттарда жерлеу орны мүлде жоқ. Жерленген адамдардың электрондық дерекқоры сақталады екен.
"Ал ақша мәселесіне келсек, көрсетілетін қызметтер үшін баға бекітілді. Соған сәйкес ауылдық округтердегі қоршалған зираттардан берілген жерлеу орны үшін қызмет көрсету құны - 5 мың теңге. Бұл 5 мың теңге қаржы көрсетілген қызмет үшін алынады. Бұл ақшаға зираттардағы жерлеуге берілген аумақты жинастыру, қоқыстарды шығару, көгалдандыру, сумен қамтамасыз ету, қыс мезгілінде қар аршу, яғни зираттарды күтіп ұстау үшін алынады", - деді Ілияс Испанов.