Жетісу облысында "Sim-Box" құрылғыларын пайдалану дерегі анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жетісу облысының прокуратурасының үйлестіруімен, облыстық ҰҚКД, ПД-нің "Киберпол" бөлімшесі, сондай-ақ "Қазақтелеком" АҚ және "Кселл" АҚ қызметкерлері бірлесіп, "Sim-Box" құрылғыларын заңсыз пайдалану дерегін анықтады.
"Оперативтік іс-шаралар барысында 29 жастағы облыс тұрғынының үйінен 7 дана "Sim-Box" құрылғысы, роутерлер, компьютерлер, ноутбуктер, ұялы телефондар және 6,5 мыңнан астам ұялы байланыс операторларының SIM карталары тәркіленді", - делінген хабарламада.
"Sim-Box" құрылғысы алаяқтар тарапынан жаппай телефон қоңырауларын генерациялау, хабарламалар тарату және абонент нөмірлерін ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.
"Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабы ("Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті қамауға алынды".
Бұл соңғы екі айда "Sim-Box" құрылғысын пайдаланудың екінші анықталған жағдайы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!