Геосаяси дүреблеңнің күшеюі және әлемдік экономиканың қайта құрылуы аясында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Қазақстан үшін экономикалық интеграцияның негізгі бағыттарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қалып отыр. Бүгінде мәселе саудаға ғана қатысты емес, цифрландыру, жасанды интеллект, логистика және бірлескен инвестициялық жобалар туралы болып отыр. Астананың ЕАЭО аясындағы басым міндеттері мен одақтың ел экономикасы үшін атқаратын рөлі туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Мемлекет басшысы бұл күннің символдық мәні бар екенін атап өтті: дәл 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған болатын.
ЕАЭО экономикалық тұрақтылық факторы ретінде
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаеваның айтуынша, одақ Қазақстан үшін ең ірі сауда-экономикалық серіктестердің бірі және өңірлік тұрақтылықтың маңызды құралы болып қала береді.
Өмірбаева атап өткендей, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ 1,7 пайыз өсіп, 3 триллион долларға жетті. Бұл ретте Қазақстан 6,5 пайыздық көрсеткішпен Одақ ішіндегі экономикалық өсім бойынша көшбасшылар қатарына енді.
"Әлемдік экономиканың баяулауы аясында бұл Қазақстанның ЕАЭО ішіндегі экономикалық серпін мен инвестициялық белсенділіктің негізгі көздерінің бірі ретіндегі рөлін күшейтеді", - деп атап өтті сарапшы.
Ұзақ мерзімді перспективада бұл көрсеткіштер бұдан да жоғары. 2020 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 51 пайыз - 20,3 миллиардтан 30,9 миллиард долларға дейін өсті. Бүгінде Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының шамамен 21 пайызы одақ елдеріне тиесілі.
Бұл ретте Өмірбаеваның айтуынша, ЕАЭО сауда алаңы ғана емес, өзара инвестициялардың маңызды көзі болып отыр.
"2025 жылдың алғашқы үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан ЕАЭО ішіндегі өзара тікелей инвестицияларды ең көп тартқан ел болды - барлық өзара капитал салымының 38 пайызы біздің елге тиесілі", - деді ол.
Инвестициялардың негізгі көлемі Ресейден келді - шамамен 95 пайыз. Сонымен қатар Қазақстан ЕАЭО ішінде жоғары инвестициялық белсенділікті сақтап отыр: ресейлік жобаларға қазақстандық салымдардың көлемі шамамен 500 миллион доллар болды.
Көлік дәліздері және жаңа бағыттар
Сарапшы әлемдік логистиканың трансформациялануы жағдайында Қазақстан үшін Еуразия ішіндегі көлік бағыттарын дамыту мен өндірістік байланыстың маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Ашық және транзиттік экономика ретінде Қазақстан үшін ЕАЭО шикізаттық емес экспорт нарығынан бөлек, көлік бағыттарын дамытуға арналған инфрақұрылымдық платформа", - деп түсіндірді Өмірбаева.
Оның айтуынша, бүгінде "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін, сондай-ақ Қазақстан біртіндеп Еуразияның негізгі транзиттік тораптарының бірі ретінде позициясын нығайтып жатқан сабақтас бағыттарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Айта кетейік, Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстан Президенті өзгермелі әлемдік экономика жағдайында көлік байланысының стратегиялық рөлін атап өтті.
"Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Цифрландыру және жасанды интеллект
ЖЕЭК отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
"Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу сияқты болашақ экономиканың перспективті бағыттарын атап өтті.
Бұдан бөлек, Президент Қазақстан жаһандық цифрлық экономикадағы позициясын нығайтып жатқанын атап өтті: еліміз электронды үкімет рейтингінде жоғары орындарға ие әрі 100-ден астам жоғары технологиялық компания жұмыс істейтін Astana Hub базасында стартап-экожүйе дамып келеді.
Өмірбаеваның айтуынша, Қазақстан жүк ағынын басқарудың интеграцияланған ЖИ-платформасын құру бастамасын ілгерілетіп жатыр, бұл логистиканы оңтайландыруға, жеткізу мерзімдерін қысқартуға және бизнес шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
"Бұл логистиканы оңтайландыруға, жеткізу мерзімдерін қысқартуға және бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар одақта цифрлық шекаралық және кедендік әкімшілендіруге, соның ішінде электронды ветеринарлық және фитосанитарлық рәсімдерге көшу мәселесі талқыланып жатыр.
Сарапшы Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық форум алаңында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдау жөніндегі бастамасына ерекше тоқталды.
"Бұл күн тәртібінің практикалық өлшемі – жасанды интеллект логистикалық жүктемені болжай алатын, сауда шектеулерін анықтайтын, ресурстарды бөлуді оңтайландыратын және жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттыратын бірыңғай деректер экожүйесін құру. Қазақстан Alem.ai жобалары мен Алатаудағы CryptoCity пилоттық аймағы арқылы жеке цифрлық экожүйесін қалыптастырды және мұндай шешімдерді еуразиялық кеңістікте кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деп атап өтті Өмірбаева.
Қазақстан ЕАЭО-ға не ұсынады?
Сарапшы Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары қатарында ішкі кедергілерді азайтуды, реттеуді үйлестіруді, бірыңғай цифрлық стандарттарды енгізуді және трансшекаралық электронды сауданы дамытуды атады.
"Электронды жүкқұжаттарға, қағазсыз кедендік рәсімдеуге және жүктерді ашық қадағалауға көшу бизнестің транзакциялық шығындарын азайтып, еуразиялық бағыттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс", - деді Өмірбаева.
Сонымен қатар Қазақстан өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік секторда қосылған құны жоғары бірлескен кооперациялық жобаларды дамытуды қолдайды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Қазақстанның IT әлеміндегі беделді мәртебесі туралы айтты
Сарапшының айтуынша, ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Индонезия, Моңғолия және БАӘ-мен еркін сауда және серіктестік туралы жаңа келісімдер жасалды. Алдағы уақытта Қазақстан Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдерімен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.
"Қазақстан жаңа еуразиялық және оңтүстік сауда бағыттарына кіріктірілген, барынша ашық және технологиялық тұрғыдан интеграцияланған ЕАЭО қалыптастыруды дәйекті түрде жақтап келеді", - деп түйіндеді Өмірбаева.
Айта кетейік, бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына үндеу жасап, жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмай, оған бейімделуге шақырды.
“Кенже қалмауға тиіс“. Тоқаев ЕАЭО-ны технологиялық бәйгеге бейімделуге шақырды
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның стратегиялық басымдығын атады. Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастағанын атап өтті.