Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің қорытындысы бойынша 18 құжат қабылданып, қол қойылды

04 Маусым, 10:01
0
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің қорытындысы бойынша 18 құжат қабылданып, қол қойылды -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Армения Республикасының премьер-министрі Н.Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян, ТМД атқару комитетінің төрағасы - атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты.

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың қысқа мерзім ішінде халықаралық аренада маңызды әрі танымал ұйымға айналғанын атап өтіп, еуразиялық интеграция белгілі бір қиындықтарға қарамастан жақсы нәтиже беріп отырғанын айтты.

"Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінің өсімі 2,5 пайыз болды. Сыртқы сауда көлемі 19 пайызға, экспорт 27 пайызға артты. Одақ ішіндегі өзара сауда-саттық 9 пайызға ұлғайды. Былтыр Қазақстан экономикасы 4 пайыздан астам өсті", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті осы өсім қарқынын қолдау үшін өнеркәсіпте, энергетикада, халықаралық қызметте және басқа да салаларда орта мерзімді даму перспективасының негізгі бағыттары айқындалғанын айтты.

"Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі қабылданды. Қызмет көрсету және жұмыс күшінің ортақ нарығы құрылуда. Ұлттық реттегіштен жоғары келісімдер аясындағы әкімшілік рәсімдер жетілдірілуде. Әлемнің 40-тан астам елі Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Біздің бірлескен жұмысымыз әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын туғызатынына және келешекте ірі әрі экономикалық қуатты Еуразия құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта интеграциялық бірлестіктің алдында тұрған маңызды міндеттерді атап өтті. Оның пікірінше Еуразиялық экономикалық одақтың инфрақұрылымдық мегажобаларын және цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру керек. "Астана" халықаралық қаржы орталығының да әлеуетін пайдалану қажет. Сонымен қатар, алда ортақ нарықты дамытып, оны үшінші елдер тарапынан болатын демпингтен, контрафактілік тауарлардан және лас бәсекеден қорғау, тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету жұмыстары тұрғанын айтты.

"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жедел темір жол және "Еуразия" су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еуразиялық интеграцияның символы болып, елдеріміздің экономикасының дамуына тың серпін беріп, Үлкен Еуразиямен байланысты нығайтар еді. Нәтижесінде мемлекеттеріміз Шығыс-Батыс-Шығыс транзиті үшін бәсекеге қабілетті әрі тартымдырақ болады", - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тауарлардың жаңа нарыққа шығуын қамтамасыз етуге, саудадағы және транзиттегі кедергілерді жоюға бірлесіп күш бағыттау керек екенін айтты.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында жиын қорытындысы табысты ынтымақтастықтың іргесін бекітіп, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің серіктестігін нығайтатынына сенім білдірді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданып, қол қойылды:

1.  Жоғары кеңестің "Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы туралы" шешімі;

2. Жоғары кеңестің "Қытай Халық Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен халықаралық жүк тасымалының көлік құралдары жөнінде, ақпарат алмасу жөніндегі келісімдерге қол қою мәселелері туралы" шешімі;

3. Жоғары кеңестің "Бір жағы - Еуразиялық экономикалық одақ және оған мүше-мемлекеттер, екінші жағы - Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келісімдерге қол қою мәселелері туралы" шешімі;

4. Жоғары кеңестің "Еуразия экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің 2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы" шешімі;

5. Жоғары кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақтың өнеркәсіптік саясаты жөніндегі кеңес туралы" шешімі;

6. Жоғары кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін" медалімен марапаттау туралы" шешімі;

7. Жоғары кеңестің "2017-2018 жылдардағы мүше-мемлекеттердің сауда, көрсететін қызметтері, мекемелер мен жұмыстарын реттеу тәртібімен қарастырылған Ереженің орындалу мониторингінің нәтижелері туралы" өкімі;

8. Жоғары кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы көрсетілетін қызметтердің жекелеген секторлары бойынша либерализациялау жоспарларын жүзеге асырудың кейбір мәселелері туралы" өкімі;

9. Жоғары кеңестің "Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы хаттаманың 20-тармағы, 5-тармақшасына сәйкес ақпарат ұсыну туралы" өкімі;

10. Жоғары кеңестің "Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік ахуал және 2018 жылғы бәсекелестіктің жалпы тәртібі бұзылуының алдын алу жөнінде қабылданған шаралар Еуразиялық экономикалық комиссияның жылдық есебі туралы" өкімі;

11. Жоғары кеңестің "Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын өткізілу уақыты мен орны туралы" өкімі;

12. 2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

13. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің бюджеттері арасында кедендік баж салығының кіріс сомасын бөлу туралы хаттама;

14. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің бірлескен мәлімдемесі;

15. 2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаларға қол қою туралы;

16. 2017 жылдың 11 сәуіріндегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі жөніндегі Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

17. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына енетін тауарларды бақылау механизмдері туралы келісім;

18. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу хаттамасы. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай