Астанада Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды, деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Астанада Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды, деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Шағын құрамдағы кездесуге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, РФ Президенті Владимир Путин және Белорусь Президенті Александр Лукашенко қатысып жатыр.
Айта кететіні, бұл кездесуден соң Кеңестің жұмысы кеңейтілген құрамда жалғасатын болады. Ал оған үш мемлекет басшыларынан басқа бақылаушы-мемлекеттер басшылары ретінде Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян мен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысады.
Мемлекет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоймақшы. Бұдан кейін одақ туралы келісім келер жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енетін болады.
Келіссөз бойынша Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралып, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарға еніп отыр. Тағы бір айта кететіні, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы туралы жол картасы қаралады. Одан кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланады.