Ақтөбеде жол құрылысымен айналысатын компания 3,4 км жолды қайта салып жатыр. Мердігер мекеме облыс орталығындағы Кеңес Нокин даңғылына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс болған. Алайда асфальт-бетон жамылғысы талапқа сай болмай шықты.
"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" филиалының мамандары бұл жол учаскесіне бірнеше мәрте шығып, сынама алды. Нәтижесінде компанияға өз есебінен бұл жолды қайта жөндеуге ұйғарым берілді. Қазір жұмыс аяқталуға жақын.
"Біз жұмыстың сапасыз жүргізілгенін жан-жақты дәлелдеп бердік. Алынған сынамалар зертханаға жіберілді. Ол да теріс нәтиже көрсетті. Одан бөлек Ақтөбе қаласындағы Чехов көшесіне төселген 3 546 шаршы метр асфальт-бетон жамылғысы талапқа сай болмай шықты. Целинная көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары да сапасыз. Жиі қайталанатын қателіктер – жол жамылғысы жұқа және асфальт-бетон құрамының дұрыс болмауы", - дейді "ЖАСҰО" Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Қайрат Мусин.

Қайрат Мусиннің айтуынша, "ЖАСҰО" Ақтөбе облыстық филиалының мамандары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Оған соңғы екі жылда атқарылған жұмыс ауқымына қарап-ақ көз жеткізуге болады, дейді маман. Ол мысал ретінде мынадай деректерді келтірді:
- 2024 жылы қала және ауылішілік жолдардағы 256 ақау үшін мердігер мекемелерге ескерту берілген, оның 146-сы жойылды;
- филиал қызметкерлері 2025 жылы да нәтижелі қызмет атқарды – жұмыс сапасын бақылау үшін 248,8 миллион теңгеге келісім жасалды және ол қазірдің өзінде артығымен орындалған;
- облыстық, аудандық маңыздағы жолдардағы 193 нысан қамтылды;
- мамандар 827 мәрте инспекциялық тексеріске шықты.

"Біз жол құрылысына қажетті материалдардан 1 926 сынама алдық. Оның 481-і талапқа сай болмады. Анықталған 193 ақаудың тек 9-ы ғана қалпына келтірілді. Жұмысқа салғырт қараған мекемелерге 13 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау департаментіне 17 нұсқама бердік. Жыл басынан бері 976 шақырымнан астам жолға диагностикалау және паспорттау жұмыстарын жүргіздік. Бұл шараларға101 миллион теңге бағытталды. Жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының сараптамасы мен техникалық құжаттары үшін11,7 миллион теңгеге 25 қорытынды берілді", - дейді Қайрат Мусин.
Бөлім басшысы филиал қызметкерлерінің нәтижелі жұмысы ескерусіз қалмады дейді – жыл қорытындысы бойынша олар "Үздік филиал" атағын жеңіп алған. Астанада жолшылар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада "ЖАСҰО" бас директоры Б.Айтбаев арнайы кубокты Ақтөбе филиалының директоры Т.Малаевқа табыстады. Ал инженер Н.Балғабаев бірінші дәрежелі "Сапа шыңы" медалін иеленді. Филиал ұжымы 2021 жылы да үздік атанған болатын.