Астанада ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша сот процесі кезінде сотталушылардың біріне ақша берілген сәт түсірілген видеожазба көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Астанада ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша сот процесі кезінде сотталушылардың біріне ақша берілген сәт түсірілген видеожазба көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Отырыс барысында сотталушы Қайрат Балмағамбетовтің кабинетінен түсірілген видеожазбалар көрсетілді. Жазбалар Балмағамбетовтің тауар жеткізушілермен, мысалы, киім тігумен айналысатын кәсіпкер Нысанбековамен және әскери бөлімдерге сүт жеткізуге жауапты кәсіпкер Қалиевамен кездесуі кезінде түсірілген. Автокөлік ішінде ақша беру сәті де бейнежазбаға түсірілген. Бұған дейін куәгерлер - әскери Шестаков пен кәсіпкер Қалиеваның ҰҚК-мен жұмыс істегені және қылмыстық әрекетті көрсетіп бергені хабарланған еді. Жазбалардың бірі Шестаковтың барсеткасына тағылған құрылғының көмегімен түсірілген. Шестаков сотта барсетканы оған құқық қорғау органдары бергенін айтты.
Сонымен бірге, Балмагамбетовтің кабинетінде Нысанбековадан ақша берілгені түсірілген жазбалар да көрсетілді. Жазбаларға Балмағамбетовтің кәсіпкерден алынған ақшаны барсеткаға салғаны да түсірілген. Нысанбековамен арадағы әңгіме кезінде Балмағамбетов: "Бастық риза", - дейді. Сотта ол Нұрлан Жоламанов туралы айтқанын түсіндірді. Ал көлік ішінде кәсіпкер Қалиеваның ақша беріп жатқан сәтінде Балмағамбетов "10 пайыз сома жарай ма?" деп сұрайды. Сотта Балмағамбетов 10 пайыз көлемінде жымқырылған ақша туралы айтқанын түсіндірді.
Еске сала кетейік, 26 қаңтар күні Астанада ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша сот отырысы басталған еді. Істің бір фигуранты - Алматыдағы №2458 әскери бөлімнің командирі Қайрат Балмағамбетов. Жоламанов пен Балмағамбетов ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және аса ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Айып бойынша Жоламанов 300 мың доллардан астам пара алған, ол 2014 жылдың қазан айынан бері қамауда отыр.
Оның алдында сотта Жоламанов өзіне тағылған айыпты мойындамады, ол мұны саяси тапсырыс деп атады. Балмағамбетов кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сотта ол генерал Жоламановпен 2011 жылдан бері таныс екенін, онымен Ақтөбе гарнизоны әскери полициясы бөлім басшысы міндетін атқарған кезде танысқанын айтты. Оның айтуынша, біршама уақыттан соң Жоламанов Балмағамбетовтің ҚР ҰҚК Шекара қызметіне ауысуына жәрдем берген.