Ақтөбеде "Harmony Rider Technology" (HRT) қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша үкім шықты. Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
2024 жылы бір топ адам қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оны шетелде электрсамокаттарды сатып алу және жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырған.
Ведомствоның нақтылауынша, салымшылардың табысы тек жаңа қатысушылардың қаражатын тарту есебінен қалыптасқан.
"Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама науқаны жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар өткізілген. Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбеде кеңсені жалға алып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Салым көлемі 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін жетсе, уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін болған", - деп хабарлады агенттік.
Кірісті заңдастыру мақсатында қаражат криптоәмияндар арқылы айналымға шығарылып, кейін ауыстырылып, банк шоттарына аударылып отырған. Заңсыз әрекет нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 миллион теңгеден аса қаражаты тартылған.
Осы қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.
Сот үкімі
Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот шешімімен үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.