Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жүргізушілерді алаңдатқан ақпарат қызу талқыланып жатыр. Онда түнгі 00:00-ден кейін қозғалыс жылдамдығы 66 шақырым/сағаттан асса, айыппұл салынатыны айтылған. Бұл ақпаратқа қатысты прокуратура өкілі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Threads-та жарияланған жазба көпшіліктің назарын аударды. Онда автор:
"Бүгін түннен бастап камералар 66 шақырым/сағаттан асқан жылдамдықты тіркейді. 68–70-пен жүрсеңіз де, бірден 19 000 теңге айыппұл келеді. Абайлаңыздар", - деп жазған.
Бұл ақпарат мессенджерлерде жылдам тарап кетті.
Бас прокуратура не дейді?
Бас прокуратураның Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Жасұлан Дәулембаев мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтты.
Оның сөзінше, жылдамдықты арттырғаны үшін жауапкершілік ӘҚБтК-нің 592-бабында нақты көрсетілген.
"Жауапкершілік жылдамдықты 10 шақырым/сағаттан асырған сәттен басталады. Әр келесі 10 шақырым/сағатқа арттыру айыппұл мөлшерін көбейтеді. Сондықтан жүргізушілер кодексті білуі керек, желідегі қауесеттерге сенбеуі қажет", — деді ол.
Сонымен қатар, маман камералардың міндеті тек жолдағы жылдамдықты бақылау және деректерді тіркеу екенін атап өтті.
"Жылдамдық режимі жолдың жағдайы, қауіпсіздік деңгейі және басқа да факторларға байланысты белгіленеді. Камера бар-жоғына қарамастан, жүргізушілер белгіленген жылдамдықты сақтау қажет", — деді Дәулембаев Facebook-тегі жазбасында.
ІІМ пікірі
Бұған дейін ІІМ де осы ақпаратты жоққа шығарған болатын. Ведомство мәліметінше, "00:00-ден кейін рұқсат етілген шекті жылдамдық 66 шақырым/сағат болады" деген хабар — жалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!