"Ұйқышылдық ауруына" шалдыққан Калачи ауылынан тағы екі отбасы көшірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақмола Медиа Орталығына" сілтеме жасап. Енді олар Аршалы ауданында тұрады.
"Ұйқышылдық ауруына" шалдыққан Калачи ауылынан тағы екі отбасы көшірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақмола Медиа Орталығына" сілтеме жасап. Енді олар Аршалы ауданында тұрады.
Орталықтың мәліметінше, аудан әкімі Жомарт Нұркеновтің шақыруы бойынша бұл ауданға екі отбасы көшіп баруға ниет білдірген. Олар: Имантай мен Надежда Жақыповтар және олардың екі жастағы қызы Маргарита, сонымен қатар ерлі-зайыпты Алексей Никифоров пен Людмила Зубова.
"Аудан әкімі екі отбасын Ақбұлақ ауылдық округіне көшіруге көмектесті. Ауыл әкімі Виталий Сураев пен шаруа қожалығының басшысы баспана мәселесін шешіп беріп, көмір мен отын бөліп берді. Сонымен қатар, жұмысқа тұру мәселесі де шешілді", - делінген хабарламада.
Калачидің бұрынғы тұрғыны Имантай Жақыповтың айтуынша, оларды жаңа ауыл жылы қарсы алыпты. "Шынымды айтсам, мұндай жылы ықылас пен қамқорлықты күткен жоқ едім. Аудан, ауыл әкімдеріне, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшыларына және бізді шын жүрекпен қарсы алған Сураевтар отбасына рақмет", - деді ол.
Айта кетейік, Имантай Жақыпов Калачиде қалған ауылдастарына арнап хат жазды. Ол өз хатында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге ерекше ықыласын білдіріп, ауылдастарына сәлемін жолдады.
"(...) Калачиде қалған ауылдастарыма сәлем жолдаймын, өз "тарихтарыңызды" өзгертуден қорықпаңыздар. Мен бүгін ризамын және бақыттымын, себебі екі жасар қызым ұйықтап қалса енді оянбай қала ма деп қорықпаймын. Таза ауамен тыныстап, рахат өмір сүріп жатырмыз. Бізге тыныш өмір сыйлаған Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинге зор алғысымды білдіргім келеді!", - деп жазды ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін тағы екі отбасының Калачи ауылынан Атбасар ауданы Ярославск ауылдық округіндегі Родионовка ауылына көшірілгені хабарланған болатын. Көшіп барғандарға жайлы үй, ақша, бір-бір сиыр мен жем-шөп берілді. Олардың жаңа үйлері көңілдерінен шықты. Көшіп барғандардың бірі, көп балалы ана Яна Овсейчиктің айтуынша, олар Калачиден көшкендері үшін өкінбейді, себебі оларға жаңа ауылдан үйден бөлек жұмыс та берілді.