Қазақстанда тасжолдардағы камералар "қысқы" режимге ауыстырылады. Енді боран, көктайғақ және басқа да қолайсыз ауа райы жағдайларында камералар автоматты түрде шектеу енгізілген жылдамдықты тіркейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, қыс басталғанда ауа райы мен жол жағдайы күрделене түседі. Сол себепті кейбір жол учаскелерінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі үшін жылдамдық шектеулері енгізіледі, қажет болған жағдайда жолдар толық жабылуы мүмкін.
"Қысқы кезеңде автожолдарда 3.24 "Максималды жылдамдық шектеуі" тұрақты жол белгілері орнатылады. Астана - Щучинск және Астана - Теміртау бағыттарында электронды таблолар, яғни ақпарат белгілері орнатылды. Олардың көмегімен жылдамдық тек қолайсыз ауа райы мен күрделі жол жағдайлары кезінде төмендетіледі: боран, көктайғақ және т.б. Бұл белгілер стандарт талаптарына сәйкес орнатылған және басқа жол белгілері сияқты сақталуға міндетті", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің арнаулы тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар, жылдамдықты тіркейтін камералар автоматты түрде белгіленген жылдамдық пен орташа қозғалыс жылдамдығын тіркеуге ауыстырылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!