Сотталып кеткен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үйіндегі сәнді бұйымдар 7 қазанда аукционда сатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтың үйінен тәркіленген 11 затты сатуға шығарды.
Олардың арасында коллекциялық қаламдар, тиындар, қылыштар, қанжарлар, балталар, белбеу бар. Активтердің жалпы құны 3,5 миллион теңгеден асады. Аукцион 7 қазанда өтті.
Сатылған бұйымдар
Аукционға екі қалам шығарылды:
- Montegrappa Italia деген жазуы бар қалам 925-күмістен жасалған. Оны бастапқы бағасы 440 мың теңгеге сатып алған.
- Құран сүрелерімен безендірілген Visconti Firenze қаламы. Ол 402 мың теңгеге сатылған.
e-qazyna.kz
Коллекциялық заттардың арасынан "Алма Отаны", "Астана", "Бәйтерек" және "Қазақстан картасы" атты монеталар жиынтығы шамамен 199 мың теңгеге сатылған.
Тағы екі монета – елтаңба бейнеленген 2003 жылғы 1000 теңгелік және 2008 жылғы (500 теңгелік) "Еуразия елдерінің астаналары" монеталары – аукционда 82 999 теңгеге сатылған.
e-qazyna.kz
ҚАБК Кәрім Мәсімовтың үйінен табылған қылыштарды да өткізген: олардың бірі 930 мың теңгеге, ал екіншісі 837 мың теңгеге сатылған.
Сондай-ақ болат қындағы қанжар 185 мың теңгеге өткен.

e-auction.e-qazyna.kz
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!