Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековқа сөгіс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековқа сөгіс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бюджет қаражатының игерілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Облыс басшысы өткен 10 айдың қорытындысы бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткізу жөніндегі мәселелер талқыланған жиында бюджеттің игерілмеуіне жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауап беретінін ескертті.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж. Әмірхановтың айтуынша, жалпы өңірде экономиканың барлық бағыттары бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіп өсімі қарқын алып, 104,5 пайыз құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 718 миллиард теңгеден асып, өсім 2,6 пайызға жетті. Сол сияқты бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі де 3,8 пайыз өсті. Дегенмен құрылыс секторының қарқынында баяулау байқалады, яғни 214,4 миллиард теңге - 100,6 пайыз. Инвестиция бойынша да аздаған өсім бар - 100,5 пайыз, 444,2 миллиард теңге тартылған.
Бұл ретте Амандық Баталов игерілмей жатқан қаржының едәуір бөлігі осы құрылыс саласында екенін айтты. Мәселен, Қапшағай қаласының өзінде ғана қазіргі кезде 741 миллион теңге игерілмеген, оның 517 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Осы соманың басым бөлігі көп қабатты үйлердің құрылысына қарастырылған. Мердігер компаниялар тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, десе де іске қосу мерзімі жоспарланғаннан кешіктірілуі әбден мүмкін.
"Мемлекет халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлді. Ал сендер оны мерзімінде орындамай, қаражаттың игерілмеуіне жол беріп отырсыңдар. Мен мұны Қапшағай қаласы әкімінің, облыстық құрылыс басқармасы басшысының және құрылыс саласына жетекшілік ететін менің бірінші орынбасарымның тікелей кінәсі деп есептеймін. Осы аталған барлығыңа қатаң сөгіс жариялаймын. Тұрғын үй салуға жауапты мердігер ұйымдарды да құрылыс жұмыстарын кешіктіргені үшін жазалау керек. Жыл соңына дейін жағдайды түзейтін болыңдар, құрылыс жұмыстары қатаң бақылансын", - деді Баталов.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Данияр Әлімбаевтың айтуынша, облыстық бюджеттің жеке жоспары 186 миллиард теңге, оның жүзеге асырылуы 185 миллиард теңге - 99,2 пайыз күтілуде. Қазіргі кезде қаражаттың игерілмеуі ТҮКШ, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру салаларында, сол сияқты полиция департаментінде орын алып отыр. Аталған басқармалар мен департамент басшылары барлық қаражат мақсатты бөлінген, жыл соңына дейін игеріледі деп сендірді. Атап айтқанда, қаржы газдандыруға, гербицидтер құнын субсидиялауға, ирригациялық жүйелерді жөндеуді жалғастыруға және т.б. шараларға қарастырылған. Облыстың аудан, қалаларына келсек, әкімдер әрбір бағыт бойынша есеп беріп, қалған қаржы сомасы бағытталатын жобалар жайында баяндады.
Осы жиында Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің жұмысы қатаң сынға алынды. Ауданда барлық бағытта жұмыс бәсеңдеген.
Сол сияқты жиын барысында МӘМС жүйесіне көшу, АӘК төлемі, әлеуметтік қолдау шаралары арқылы дәрігер мамандар жетіспеушілігін шешу сияқты көптеген мәселелер талқыланды. Сол сияқты облыс әкімі заңсыз құрылысқа жол бермеуді қатаң ескертті.
"Жалпы өңірде экономиканың барлық бағыттары бойынша өсім бар. Құрылыс көлемін біз 102 пайызға, инвестиция бойынша 103 пайызға жетуіміз керек. Алда әлі 1 жарым ай бар, бұл жоспарлаған межемізге жетуге жеткілікті уақыт бар деген сөз. Ол үшін әрбір аудан, қала әкімі белсенді жұмыс істеуі керек. Ең алдымен атқарған жұмыстарыңа талдау жасаңдар, содан кейін экономиканың базалық салаларында өсімге қол жеткізу үшін, бөлінген қаржыны толық игеру үшін тиісті шаралар қабылдаңдар. Біз барлық мақсатты индикаторларды орындауға тиіспіз. Жергілікті жерлерде салынып жатқан құрылыстарға жиі-жиі барып көріңдер, не істеп жатыр, қалай істеп жатыр, қарқыны баяу емес пе, мерзімінен кешіктірмей ме, соның бәрін күнделікті бақылауда болсын. Нанның бағасы, атаулы әлеуметтік көмек, басқа да күнделікті туындайтын мәселелерді жұмыс барысында шешіп отыру керек, - деді сөзін қорытындылады Амандық Баталов.