"Қазгидромет" синоптиктері қарашаға арналған ауа райының консультативтік болжамын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарашаның бірінші аптасында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік циклонның ықпалынан жаңбыр қарға ұласады және бұрқасын болады, деп хабарлайды синоптиктер.
Елдің солтүстік жартысында, орталығында және шығысында жауын-шашын негізінен қар түрінде болады, бұрқасын күтіледі. Батыс аймақта жауын-шашын айдың басында байқалады. Ұқсас ауа райы жағдайлары екінші және үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде де қайталанады.
Синоптиктер болжамы бойынша, қарашада екпінді жел, көктайғақ және тұман жиі болады. Cолтүстік, орталық және шығыс өңірлерде бұрқасын күтіледі.
Ауа температурасындағы өзгерістер
Қарашаның бірінші онкүндігінде:
Батыста түнгі температура +2+7°С-тан -2-7°С-қа дейін төмендеп, күндіз +3+10°С-тан +10+18°С-қа дейін ауытқиды. Онкүндіктің соңына қарай күндіз +15+25°С-қа дейін жылынады.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -7-15°С, күндіз -2-10°С дейін төмендейді. Онкүндіктің соңында (шығысты қоспағанда) әлсіз оң көрсеткіштер қайтады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста ауа райы құбылмалы: түнде 0,-5°С, таулы аумақтарда -13°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С шамасында. 7 қарашадан кейін +5+15°С-қа дейін жылыну күтіледі.
Екінші онкүндікте:
- Түнде 0,-5°С-тан -10-18°С-қа дейін,
- Күндіз 0,+5°С-тан 0,-8°С-қа дейін төмендеуі ықтимал.
Үшінші онкүндікте:
- Ең суық күндер түнде -15-20°С,
- Күндіз -3-10°С дейін болуы мүмкін.
Елдің батыс жартысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында екінші және үшінші онкүндіктерде ауа температурасы:
- Түнде -3-12°С-тан 0,+7°С-қа дейін,
- Күндіз +1+6°С-тан +8+18°С-қа дейін ауытқиды.
- Таулы өңірлерде кей күндері түнгі аяз -5-15°С-қа, күндіз -1-6°С-қа дейін күшеюі мүмкін.
Жауын-шашын мөлшері
Қарашада жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормаға жуық, батыс және солтүстік-шығыс өңірлерінде нормадан көп күтіледі.
Бұл Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының басым бөлігінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысында байқалады.
Жалпы, ай бойы ауа температурасы ел бойынша климаттық нормадан 1°С жоғары болады деп болжанған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!