Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров азаматтардың өтініштеріне жауап беруге ниет білдірмегені және әрекетсіздігі үшін үстінен арызданған Сергей Федоровтан сот процесінде ұтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қазыбек би аудандық №2 соты қала басшысын қызметтік міндеттерін адал атқаруға міндеттеді.
Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров азаматтардың өтініштеріне жауап беруге ниет білдірмегені және әрекетсіздігі үшін үстінен арызданған Сергей Федоровтан сот процесінде ұтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қазыбек би аудандық №2 соты қала басшысын қызметтік міндеттерін адал атқаруға міндеттеді.
Арызданушы Сергей Федоров жеке құрылыс салуға жер телімін сұрау үшін Қарағанды әкіміне үш мәрте өтініш білдірген. Бірақ қыркүйекте, содан кейін қазан айының ортасында, қазан айының соңында жіберілген өтінішті шенеунік елемей қойған. Өз құқығын құрметтемегені және "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" заңның бұзылғаны үшін Федоров Әубәкіровтің үстінен арызданды. Арызында ол әрекетсіздік дерегін тануды сұрап, шенеунікті корреспонденцияға құрметпен қарауды міндеттеуді талап етті. Шағымданушы сот залында дәлел ретінде өзінің хаттарын кеңсе бөлімінің қызметкерлерінің алғанын растайтын түбіртекті көрсетті. Өз өтініштеріне жауаптың берілмегенін ер адам Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің сайтындағы көшірмелермен дәлелдеді. Айта кетейік, аталған сайтта өтініштердің қаралмағандығы көрсетілген.
Жауапкер сотқа келмеді. Әкім Нұрлан Әубәкіров өзінің орнына сенімді өкілі ретінде әкімдік заңгерін жіберді. Әубәкіровтің өкілі шағымды мойындамады, ол барлық өтінішке жауап берілгенін мәлімдеді. Бұдан кейін ол түбіртек пен жөнелтпе құжатты көрсетті. Арызданушының неліктен жауапты алмағаны туралы сұраққа заңгер білмейтінін айтты. Сот бұл дәлелді қабылдамай, Федоровтың арызын толықтай қанағаттандырды. "Көрсетілген жөнелтпе қағаз бен түбіртекте өтініштердің қарастырылуы ғана емес, сонымен қатар, жауаптардың шын мәнінде жөнелтілгені туралы ақпарат та жоқ. Жауапкер Нұрлан Әубәкіров Федоровтың өтініштеріне жазбаша жауап бермеді, мұны әрекетсіздік деп тануға болады", - деді судья Зәуреш Ибраева. Судья Әубәкіровтің "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" заңының 9-бабында көрсетілгендей, өз құзыры аясында өтінішті өз уақытында және объективті түрде қарастыруы керек болғанын атап өтті. "Сот талап арызын толықтай қанағаттандырады және Қарағанды әкімінің әрекетсіздігін (үш өтінішті елемеу түрінде) заңсыз деп тапты. Сот Нұрлан Әубәкіровті Сергей Федоровтың заңмен қорғалатын құқығы мен мүддесін бұзды, сондықтан бұл олқылықты жоюды міндеттеді", - деді Зәуреш Ибраева. Айта кетейік, арызданушы моральдық шығын талап етпеді, ол соттан Қарағанды әкімінің заңды бұзғанын растауды сұрады.