Жаңаарқа ауданында 3 тонна мұнайдың төгілуі салдарынан қоршаған ортаға 320 мың теңгеге залал келген. Бұл туралы мемлекеттік экологтар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңаарқа ауданында 3 тонна мұнайдың төгілуі салдарынан қоршаған ортаға 320 мың теңгеге залал келген. Бұл туралы мемлекеттік экологтар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысының экология департаменті Жаңаарқа ауданында 3 тонна мұнайдың төгілу фактісі бойынша жүргізілген тексеру қорытындысын жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, департамент қызметкерлері оқиға орнына 1 желтоқсанда барған.
Мамандар оқиға орнын фото, видеоға түсірген. Сонымен қатар, олар зертханалық талдау жүргізу үшін мұнай қалдығы төгілген жерден және 500 метр қашықтықта топырақ сынамаларын алған.
Зерттеу қорытындысы топырақ сынамасындағы мұнай өнімдерінің мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан 13,3 есе асып кеткенін көрсеткен.
"ҚР Экологиялық кодексінің 109-бабына сәйкес департамент қоршаған ортаға келген экономикалық залалды анықтады. Залалды "Био Алатау Сервис" ЖШС келтірді. Ол "ҚазТрансОйл" АҚ-ның мердігерлік ұйымы болып саналады және оған тасымалдау бойынша қызмет көрсетеді. Шығын сомасы - 320 000 теңге", - делінген хабарламада.
Департамент жүк тасымалдаушы қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, облыстық экология департаменті қызметкерлеріне тиісті хабарды уақытында бермегенін атап өтті. Сондықтан компанияға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 327-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске салайық, 30 қарашада Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында жол апаты болған. Салдарынан Жаңаарқа ауданы мен Жұмажанов ауылындағы жолда шамамен 3 тонна мұнай қалдығы төгілген. Мұнай қалдығы жалпы 10 шаршы метрге төгілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!